​СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0
27

Жиын барысында Шымкент тұрғындары бағдарламаның шарттары мен ұсынылған мүмкіндіктерімен танысып шыққандықтан, ұсыныстарға үлкен қызығушылық танытты.


​СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Солтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласына арнайы делегат келді. Мақсаттары Шымкент қаласының тұрғындарына ерікті қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстыру болатын.

Негізі бұл бағдарлама Қазақстанның еңбек ресурстарын тең бөлу, солтүстік өңірлердегі халық санын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында қонақтар Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыс жағдайлары, мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдаулар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Оның ішінде: тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігі, жеке үй немесе пәтер алу үшін субсидиялар берілетіндігі де айтылды. Нақтырақайтқанда баспана алғанға дейін 12 ай тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналды төлемдер субсидияланады.
Ал жұмысқа орналасу бойынша еңбек мобильділігі орталығы әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін қаржылық және кеңестік қолдау көрсетілетіндігі де атап өтілді.
Сондай-ақ, көшіп барғандар үшін білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде орындар қарастырылған.
Жиын барысында Шымкент тұрғындары бағдарламаның шарттары мен ұсынылған мүмкіндіктерімен танысып шыққандықтан, ұсыныстарға үлкен қызығушылық танытты.
Айта кетейік, солтүстіктен келген делегаттар арасында 2016 жылыШымкенттен солтүстіктің Мағжан Жұмабаев ауданына ерікті қоныс аударған ұстаз Нұржамал Тамбаева да келген. Тұрғындармен кездесу барысында еліміздің солтүстік өңірі шымкенттіктердің бар әлеуетін ашатынын жеткізді.
– Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. 2016 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына өз еркіммен қоныс аударып едім. Жұмысқа орналасуда еш қиындық болған жоқ. Шымкентте қарапайым мұғалім болсам, маған ол жақта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды. Кейіннен, аудандық білім бөлімінде басшылық қызметтерді атқардым. Зейнетке шыққан соң да, аудандағы елді мекеннің біріндегі мектепте директор қызметін ұсынып еді, қабыл алдым. Жалпы, Солтүстік Қазақстан жұмыс істеуге ниетті азамттың барлығына керемет мүмкіндік, - деді Нұржамал Мәметқызы.
Еске салатын жайт, бағдарламаға қатысу үшін қала тұрғындары аудандық мансап орталықтарына жүгініп, толық ақпарат ала алады.
Бөлісу