ТАРИХИ МҰРАҒА ТАҒЗЫМ: университетте сирек кітаптар көрмесі ұйымдастырылды

0
111


ТАРИХИ МҰРАҒА ТАҒЗЫМ: университетте сирек кітаптар көрмесі ұйымдастырылды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Ақпараттық білім беру орталығында XIV–XV ғасырларға тиесілі сирек кітаптардың көшірмелері мен XIX–XX ғасырлардағы бірқатар басылымдардың түпнұсқалары сақталған. Парсы, араб, шағатай және түркі тілдерінде жазылған бұл еңбектер өз дәуірінің ғылыми-рухани деңгейін айқындайтын құнды мұралар саналады.

23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында орталықта аталған сирек қордағы еңбектердің көрмесі ұйымдастырылды.
Құнды кітап – жай ғана ескі басылым емес. Ол мазмұнының тереңдігімен, ғылыми және рухани маңыздылығымен, сондай-ақ белгілі бір тарихи кезеңнің айнасы бола алуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, мұндай еңбектердің сиректігі мен сақталу ерекшелігі де айрықша мәнге ие. Ең бастысы – автор еңбегінің уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпауы. Осы талаптарға сай келгенде ғана кітап шынайы құнды мұра ретінде бағаланады.
Көрме барысында орталықтың жоғары білікті кітапханашысы Қарлығаш Үсенқұлова Әбілқасым Фирдаусидің 1364 жылы жазылған «Шахнама» шығармасына ерекше тоқталды. Аталған туынды – парсы әдебиетінің ірі ескерткіштерінің бірі әрі орта ғасырлардан жеткен көне қолжазбалардың қатарында ерекше тарихи маңызға ие.
Сондай-ақ, көрмеде докторант, абайтанушы Әзімхан Исабек «Абай» және «Ақын аға» еңбектерінің құндылығына назар аударды. Оның айтуынша, бұл кітаптардың ерекшелігі – Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде жарық көріп, бүгінгі күнге дейін сақталуында. Мұндай басылымдар тек әдеби мұра ғана емес, ұлттық мәдениеттің баға жетпес қазынасы болып табылады.
Көрмеге жалпы 40-қа жуық сирек кітап қойылды. Университет қорындағы мұндай бірегей мұралар студенттер мен оқытушыларға тарихи танымды тереңдетуге, ғылыми ізденістер жүргізуге және өткенмен сабақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – тек білім көзі ғана емес, ұлттық құндылықтарды танып, оларды қадірлеуге тәрбиелейтін маңызды рухани орта.
Осындай асыл мұраларды сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу – барша қоғамның ортақ міндеті.
Бөлісу