Іс-шара аясында екі елдің достығы дәріптелді.
Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күндері өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған мәдени іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай бастап барған делегация құрамында қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева, Әселхан Қалыбекова, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегман, Бекжан Әшірбаев, Көпен Әмірбек сынды қаламгерлер, Шахизада, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақжол Мейірбеков секілді өнерпаздар мен Маржан Есжанова, Калима Оралова, Ақмарал Леубаева сияқты айтыскер ақындар және БАҚ өкілдері болды.
Сондай-ақ, салтанатты жиынды өнер қайраткері Қалдыбек Құрманәлі жүргізіп отырды. Ал, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай жиынның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, осынау іс-шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, Қайрат Ырзақұлұлы өз сөзінде бауырлас екі елді ортақ тарихи тағдыр, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіретінін атап өтіп, жиналған қауымға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов мырзаның жылы лебізін жеткізді.
Одан бөлек, іс-шара аясында елімізге танымал ақындар мен жазушылар, өнер қайраткерлері Ташкент кітапханасында ұйымдастырылған мерекелік жиынға қатысып, екі елдің достығы дәріптелді. Онда қатысушылар тәуелсіз Қазақ елінің өткені мен бүгінін айғақтайтын кітап көрмесін аралап көрді.