Жәнібек Кәрімбаев жедел топты құруға тікелей жетекшілік етті.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар Департаментінің арнайы жасағы Түркістан облысына жіберілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Солтүстік өңірлерде болуы мүмкін су тасқыны жағдайына байланысты авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жедел жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің арнайы жасағы дайындалды. Жеке құрамында 48 қызметкер бар. 7 бірлік арнайы техника, 4 қайық, 13 дана мотопомпасы бар күштер мен құралдары әзірленді. Он үш күнге азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
«Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың нұсқаулығына сәйкес «Тасқын-2002» дабылы келіп түскен. Осы дабыл бойынша Департаменттің күш-құралдары дайындалып, шартты түрде Екпінді елдімекенінде қалыптасқан жағдайға орай Түркістан облысында жөнелтілді.
Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары полковник Жәнібек Кәрімбаев жедел топты құруға тікелей жетекшілік етті. Әрбір құтқарушымен шартты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік техникасын сақтау жөнінде нұсқаулық өткізді.