Шымкент халқының саны Тәуелсіздік жылдарында үш есе көбейген

0
971

Қала бюджеті 1994 жылы 1 млрд. теңге болса, бүгінгі күнде 180 млрд. теңгеден асып отыр.


Шымкент халқының саны Тәуелсіздік жылдарында үш есе көбейген

Егеменді ел болғалы Шымкент халқының саны үш есеге артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Ел бақытын тербеткен - Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиынында сөйлеген сөзінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов айтты.

«Елімізде аз уақыттың ішінде ғасырларға татитын шаруалар атқарылды. Қазақстанның гүлдене түсуіне Шымкент қаласының қосқан үлесі мол. 1991 жылы Шымкентте халық саны 400 мың болса, қазір бір миллионнан асты. Қала аумағы 13 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылғы 19 маусымда қаламызға республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, Республика бойынша жалпы өңірлік өнім 1993 жылы 29 млрд. 423 млн. теңге болса, тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде бұл көрсеткіш 2 трлн. 174 млрд. теңгеге өскен. Қала бюджеті 1994 жылы 1 млрд. теңге болса, бүгінгі күнде 180 млрд. теңгеден асып отыр. Ал, өнеркәсіп кәсіпорындары 4,9 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, бүгінгі күні бұл 95 есе өсіп, 458 млрд. теңгеден асқан.

Сондай-ақ, Шымкентте 1991 жылдан бері 5,2 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Соңғы 10 жылда сумен қамтылу деңгейі 68%-дан 93%-ға, табиғи газбен қамту деңгейі 71,7%-дан 92%-ға, сапалы электр қуатымен қамтылу деңгейі 73 %-дан 91,6%-ға өскен.

Салтанатты шарада барлық салалар бойынша осындай оң көрсеткіштерді атап өткен шаһар басшысы барлығы дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қадам жасаған Қазақстанның даму жолындағы жетістіктері екенін атап өтті.