Тергеу кезіндегі өлім: Шымкентте полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды

0
1 013

​Жауап алу кезінде көз жұмған ер адамның өлімінен кейін Шымкент полициясында лауазымды тұлғалар жұмыстан шығарылды.


Тергеу кезіндегі өлім: Шымкентте полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте полиция бөліміндегі күдіктінің өліміне байланысты полицияның лауазымды тұлғаларына қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жайында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов Facebook парақшасында жазды.

«Ұсталғандардың автокөлігінен көлік ашуға арналған техникалық құралдар, радиостанциялар, маңдайшамдар мен қолғаптар табылып, тәркіленді. Күдіктілерді ұстау кезінде полиция қызметкерлері дене күшін қолданған. Күдіктінің біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын нақтылаған»,- деді Е.Жумаханбетов.

Сондай-ақ, полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, объективтілік мақсатында арнайы прокурорлар департаменті тергеп жатқандығын жеткізді.

«Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеу ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекетіне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар, олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі»,-деді ол.

Істің бүкіл мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласына ІІМ-нен министрдің орынбасары бастаған комиссия келді.

Еске салсақ, 8 желтоқсанда Шымкентте автокөлік ұрлады деген күдікпен Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталды. Олар бұрын мүліктік қылмыс пен қарақшылық үшін сотталған. Күдіктілердің бірі Нұрболат Жұмабаев есінен танып, дәрігерлер келгенше Шымкент полициясында қайтыс болды. Марқұмның ата-анасы полицейлер ұлын өлімші етіп сабағанына сенімді. Адвокат Талғат Есімов ер адам мен оның досын құқыққорғаушы шақырмастан бөлімшеде үш сағаттан артық ұстағанын мәлімдеді.

Марқұмның әкесінің айтуынша, ұлы досымен бірге Шымкентке қалыңдық үшін келген.