Полицейлер марқұм департаментке қымбат автокөлік ұрлығы бойынша күдікті ретінде жеткізілгенін айтты.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Шымкент қалалық Полиция Департаментінде қайтыс болған марқұмның досы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Сергей Петров марқұммен бірге ұсталған күдіктілердің бірі болған, деп жазады exk.kz
Сергей Петровтың айтуынша, полицейлер досы екеуін Шымкенттегі дәмханалардың бірінде отырған жерінен ұстап әкеткен. Полиция департаменті ғимаратына келген соң оларға ұрлық қылмысын мойындату үшін күш қолданыпты.
"Бізге ешқандай құжат көрсетпестен баса көктеп алып кетті. Департаментке алып келді. Ондағылар "Қылмысты жасадым деп мойындаңдар, құжатқа қол қойыңдар. Бізде барлық дәлеліміз бар" деді. Мен "Дәлел болса, онда рәсімдей беріңдер, қол қоймаймын" дедім. "Егер қол қоймасаң, денсаулығыңды жоғалтасың" деп күштеп қол қойғызбақ болды. Мен тіпті қандай ұрлық туралы сөз болып отырғанын да түсінген жоқпын. Айтпады бізге. Қоқан-лоққы көрсетті. Сыртқы күртешемізді басымызға кигізіп, ұрып соға бастады. Қолымызға кісен салынған. Досымды да соққыға жыққанын көрдім. Екеумізді екі бөлек бөлмеде ұстады", - деді Сергей Петров.
Көп уақыт өтпей полицейлердің бірі Сергейге келіп, басқаша қарым-қатынас таныта бастапты. Бұл кезде Нұрлан Жұмабаев бақилық болған екен.
"Маған тағы бір қызметкер келіп, досым туралы сұрай бастады. "Жұмабаевтың денсаулығы қалай еді? Жүрегі ауыратын ба еді?" деп сұрады. Мен оның денсаулығында ешқандай кінәрат жоқтығын, спортпен айналысып жүрген жігіт екенін айттым. Сол сәтте өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері келіп, досымның қайтыс болғанын естіртті. Мен оған оқиғаның қалай болғанын баяндап бердім", - деді ол.
Сергейдің де денесінде соққылардың белгісі бар. Адвокаты Жамбыл Сүлейменовтың айтуынша, департаменттегілер Сергей Петровтан үш сағаттан астам уақыт жауап алған. Ал Нұрболат Жұмабаев көз жұмған соң тағы да басқа құжаттар деп жігітті түнгі сағат 11-лерден өте бір-ақ босатыпты. Оның өзінде жігіт жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліпті.
Осыған дейін Шымкентте Полиция департаменті ғимаратында тергеу кезінде көз жұмған жігіт туралы жазған болатынбыз. Полицейлер марқұм департаментке қымбат автокөлік ұрлығы бойынша күдікті ретінде жеткізілгенін айтты.
Қайтыс болған жігіттің әкесі ұлын полицейлер ұрып өлтірген деп отыр. Марқұмның денесінде сау жері қалмаған екен.