Төтенше жағдай режимі: Шымкентте жағдай тұрақты

0
520

Қала аумағында түнгі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін «коменданттық сағат» жүзеге асырылуда.


Төтенше жағдай режимі: Шымкентте жағдай тұрақты

Төтенше жағдай режимі енгізілгелі Шымкент қаласында жағдай тұрақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Барлық кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қала аумағында түнгі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін «коменданттық сағат» жүзеге асырылуда, стратегиялық нысандарды күзету күшейтілген. Қаладағы қоғамдық саяси жағдай тұрақты бақылауда.
Қалада жаппай тәртіпсіздік сәтінен бастап полицияға 3 мың 568 адам жеткізілді. Бүгінге дейін 442 құқық бұзушылық анықталды. Оның 298-і бойынша қамауға алу, 44 айыппұл және 100 ескерту шарасы қабылданды.
«Коменданттық сағатты» бұзғаны үшін 204 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 75-і қамауға алынды. Қала шекараларында орнатылған блокбекеттерде 15 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, 9 адам ұсталды. Көліктерді қарау кезінде 2 газ тапаншасы тәркіленді. Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша 78 азамат қамауға алынды.
Қылмыскерлердің ұяшықтарын анықтау мақсатында экстремизм және көші-қон желісі бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, қаладағы жалдамалы пәтерлер пысықталуда. Оның нәтижесінде бір тұрғынның балконынан тротуар тастары табылып, ал басқа жалдамалы пәтерден Түркістан облысының 4 тұрғыны ұсталды. Олардан Шымкент қаласының «Метро» сауда орталығында тәртіпсіздік кезінде ұрланған азық-түлік тауарлары тәркіленді.

Қазіргі уақытта қалалық полиция департаменті әскери бөлімдер және ТЖД күштерімен бірлесіп, төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуде.