Қазіргі таңда вакцина алатын контингенттің 47%-на вакцина салынды.
Шымкент қаласында коронавирус пандемиясы басталғаннан 13 027 жағдай тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин вакцинаның І компонентін 3,3 миллионға жуық, ал, ІІ компонентін шамамен 2 миллион адам салдырғанын айтты. Осыны негізге ала отырып әкімдерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.
Үкімет басшысының тапсырмасы негізінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сала мамандары мен аудан әкімдеріне тұрғындардың вакцинаға деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
«Қалада вакцинациялау жұмыстары басталғалы бері бірінші компоненті 251 294 адамға, екінші компоненті 149 015 азаматқа салынды. Вакцинациялауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды. Күні бүгін вакцина алатын контингенттің 47%-на вакцина салынды, Шымкент бұл көрсеткіш бойынша көш басында. Десе де екпе егу қарқынын бәсеңдетпей, түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Созылмалы ауруы бар азаматтар мен мәдениет, өндіріс, қызмет көрсету, білім және студенттер мен құрылысшыларды вакцинациялау керек», - деді қала басшысы.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімдеріне пандемия кезінде кәсіпкерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Ашық» жобасына көшуді ұйымдастырып, эпидемиологиялық жағдайдың қаншалықты күрделі екенін біле тұра, той жасайтындарды тоқтату керек екенін айтты.
Жалпы Шымкент қаласында коронавирус пандемиясы басталғаннан 13 027 жағдай тіркелді. Оның 7461-і симптоммен, 5566-і симптомсыз. Емделіп шыққандар саны – 12 252, қайтыс болғандар –278.