Шараның басты мақсаты – тек балалардың шығармашылық қабілетін дамыту ғана емес. Бұл іс-шара, ең алдымен, отансүйгіштік сезімін оятуға және туған қаласы Шымкентке деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.
Бүгін Шымкент қаласының туризм саласын дамытуға жауапты «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығы ерекше және мейірімділікке толы іс-шараға куә болды. Орталықта «Туризм балалар көзімен» атты шығармашылық сайыс ұйымдастырылып, онда болашақ суретшілер өздерінің туған қаласына деген сүйіспеншілігін кенеп бетіне бейнеледі.
Бұл шараға қаламыздың түрлі көркемсурет мектептерінің талантты оқушылары қатысты. Олардың алдына қойылған басты міндет – Шымкенттің танымал символы саналатын, көктемнің хабаршысы – қызғалдақ гүлін өздерінің тың әрі ерекше көзқарастарымен, шығармашылық фантазияларымен бейнелеу болды.
Іс-шара барысы жай ғана сурет салумен шектелмеді. Кішкентай қонақтардың шығармашылық әлеуетін кеңейту және оларға жаңа әсерлер сыйлау үшін арнайы бағдарлама әзірленді.
Балалар алдымен «Visit Shymkent» орталығының креативті хабы бойынша қызықты экскурсия жасады. Олар орталықтың жұмысымен, туризмді дамытуға бағытталған жобаларымен танысып, креативті ортаның атмосферасын сезінді.
Ең қызықты сәттердің бірі – мультфильмдер түсірілетін SAQ студиясының жұмысымен танысу болды. Балалар мультфильмдердің қалай жасалатынын көзбен көріп, анимация процесінің құпияларына үңілді. Мұндай танымдық сәттер оқушылардың шығармашылық көкжиегін кеңейтіп, олардың қиялына жаңа серпін берді.
Сайысқа қатысқан әрбір кішкентай суретшінің еңбегі ескерусіз қалмады. Балалардың көңілін көтеру және олардың еңбегін ынталандыру мақсатында:
- Тәтті мақта (сладкая вата)
- Брендтік шопер (логотипті сөмке)
сияқты сыйлықтар табысталды. Бұл жылы әрі достық атмосфера балалардың мерекелік көңіл-күйін көтерді.
Шараның басты мақсаты – тек балалардың шығармашылық қабілетін дамыту ғана емес. Бұл іс-шара, ең алдымен, отансүйгіштік сезімін оятуға және туған қаласы Шымкентке деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Қызғалдақ символы арқылы балаларға қаланың тарихы, мәдениеті мен бірегейлігі туралы тереңірек түсінік беру көзделді.
«Туризм балалар көзімен» сияқты іс-шаралар арқылы Шымкент қаласының туристік әлеуеті жас ұрпақтың санасына ерте бастан сіңіріліп, болашақта қаланың туризм саласының дамуына үлес қосатын жаңа буын қалыптастырылады.


