"Үш балам үйде қалған": Шымкентте су басқан елдімекеннің тұрғындары тізеден су кешті

0
1 576

Жауын-шашын салдарынан 60 аула мен 60 шаруашылық құрылыстарын су басты.


Кеше кешкі 19:14 шамасында Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты Елтай елдімекенін су басып, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялаған болатын. Жауын-шашынның салдарынан су басқан аядай ғана ауыл тұрғындарының ахуалымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтты.

Күнделікті күйбең тіршіліктің қызығына батып, оразаларын ашатын уақытты тосып отырған тұрғындар үшін бұл жағдай тосыннан болды.

Ауылдың кіреберіс қақпасына барғанымызда, бір әйелдің тыпыршып тұрғанына көзіміз түсіп, оқиғанын мән-жайын білу үшін, онымен сұхбаттастық.

Аты-жөнін жазбауымызды өтінген азаматшаның айтуынша, ол кеше кешкісін ауылды су басқанда жұмыс орнында болған екен. Алайда, балалары үйде қалыпты. Олардың амандығын тілеп тұрған ол, тіпті телефонмен байланыса алмай жатқандығын айтты. Бір білетіні, балалары үйде енесімен отыр.

"Кеше жұмысқа түңгі ауысымға кеттім. Жұмыста отырғанымда хабар келді, ауылды су алып жатыр екен деген. Бірақ, жұмыстан шығып келе алмадым. Таңертең келдім. Әлі ауыл ішіне кіре алмай тұрмын. Үш балам бар. Балалар мен енем, қайын сіңлім үйде. Қайын атам МЧС-та жұмыс істейтін еді, вызовқа кетіп қалыпты. Үйдегілермен байланысқа шыға алмай жатырмын. Звондасам телефондары өшік. Ауылда жарық жоқ.", - дейді Елтай ауылының тұрғыны.

Сондай-ақ, жас ана өзінің ағасын көмекке шақырғанын айтты. Көлікпен ауыл ішіне амалдап кіріп, туысқандарымның үйінен бала-шағамды алып кетемін дейді.

Иә, расымен де ауыл ішінде жүру өте қауіпті. Өйкені әлі де ауыл ішін су басып, көпшілік тізеден суды кешіп жүр.

Тұрғындардың көбі әлі де өз баспаналарын тастай алмай, оны қызғыштай қорып жүргендеріне куә болдық.

Айта кетейік, кеше сағат 19.14-те Шымкент қаласы Еңбекші ауданы, Елтай елдімекеніне қатты нөсер салдарынан Түркістан облысы Төлеби ауданынан секундына 3-5 текше метр су келген. Судың деңгейі 20-50 см-ді құраған. Көп мөлшерде келген судан арық арнасынан асып, соның салдарынан тұрғын үйлердің аулаларын су басқан.

Ал бүгін сағат 12-00-дегі жағдай бойынша, аталған елдімекенде жауын-шашын салдарынан 60 аула учаскесі мен 60 шаруашылық құрылыстарын (су деңгейі 20-50 см) су басты, оның ішінде 24 тұрғын үйді су басса, 5 шаруашылық нысан қираған.

Онда қазір қала әкімінің тапсырмасымен ТЖ салдарын жою бойынша ТЖД жедел штабы құрылған.

ТЖД, сондай-ақ №6506 әскери базасының күшімен (қазіргі уақытта 7000 м3 су сорылды) каналдарды тазалау, тереңдету және арнаны түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр.