Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жалпыға бірдей декларациялау: Кімдер және қашан тапсырады?» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Ешанқұлов Сапарбек Еркінбекұлы бұл туралы БАҚ өкілдеріне кеңінен баяндады.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Оның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету, әлеуметтік саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және көлеңкелі экономиканы азайту. Бұл жүйе халықтың кірістері мен мүлкін ашық көрсету арқылы елдегі экономикалық және саяси тұрақтылықты күшейтуді көздейді.
Жеке тұлғалар шетелдегі активтерін де декларациялауы қажет. Оған жылжымайтын мүлік, көлік, банктік шоттардағы 1 000 АЕК-тен (3,7 млн теңге) асатын ақша қаражаттары, бағалы металдар, шетелдік компаниялардағы үлестер, инвестициялар және басқа да құнды активтер жатады. Сонымен қатар, резидент мәртебесіне ие болу үшін жеке тұлға Қазақстан аумағында қатарынан 12 ай ішінде кемінде 183 күн болуы керек.