ШЫМКЕНТ: №65 мектеп-гимназиясы жаңа ғимаратпен қамтылады

0
527

Ғимарат үш қабатты, 2 блоктан тұрады.


ШЫМКЕНТ:  №65 мектеп-гимназиясы жаңа ғимаратпен қамтылады

Жаңа оқу жылында мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу ғимаратымен қуанту мақсатында қаладағы №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясына қосымша жапсаржай салынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі уақытта 1251 орынға арналған №65 мектепте 3567 оқушы білім алуда. 600 орынға арналған қосымша оқу корпусын салудағы негізгі міндет - оқудың 1-сатысындағы оқушылар үшін оқу орындарының санын көбейту.
Сайрам шағын ауданында орналасқан жаңа оқу ғимаратының құрылысы қалай жүріп жатыр? Осы сұрақты алға тартқан қала әкім Мұрат Әйтенов нысан басында болып, құрылыстың жай-күйімен танысты.
Жалпы алаңы 5 мың шаршы метрді құрайтын құрылыс жұмысы кестеге сай жүргізіліп жатыр,
Ғимарат үш қабатты, 2 блоктан тұрады, мұнда 0-4 сынып оқушылары оқытылады деп күтілуде. Жалпы оқу ғимаратында 25 оқу сыныбы бар, сыныптар 24 оқушыға шақталған. Мектептің бастауыш сынып бөлігінде 50 педагог сабақ беретін болады. Оқушыларға 220 орындық асхана және спортзал қамтылған.
Сонымен бірге нысанның үшінші қабатында 16 оқу орны, 3 компьютер орны бар 10 мың кітап қорына арналған кітапхана, шахмат клубы қарастырылған.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласында жастардың заманауи талапқа сай білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында қала мектептерін талапқа сай жабдықтау, ғимараттарды жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Жоспарға сәйкес үшінші мегаполисте биыл 9 білім беру мекемесінің, оның ішінде 4 мектептің, 1 мектеп-интернатының, 2 балабақшаның, 1 колледждің, 1 оңалту орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі. Былтырғы жылы 3 мектепке және арнайы мектеп-интернат күрделі жөнделген болатын.
Сондай-ақ жыл соңына дейін мегаполистегі 257 білім ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізетін болады.

Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында қаладағы 148 орта білім беретін мектепті спорт залмен және спорт алаңшаларымен, ату тирлерімен қамтамасыз етіліп жатыр. Қазір қалада 117 мектепте типтік үлгідегі спорт алаңшалар орнатылған. Сондай-ақ 4 мектепке дене шынықтыру алаңдары орнатылуда.