Жеңілдетілген несие: Шымкентте 30-дан астам жоба комиссияның оң қорытындысын алды

0
466

Бүгінгі таңда комиссияның екі отырысы өтті.


Жеңілдетілген несие: Шымкентте 30-дан астам жоба комиссияның оң қорытындысын алды

Биыл Шымкентте 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бұл игілікті істер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы аясында жүзеге асырылғалы отыр.
Мемлекет басшысы жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайыздан жеңілдетілген микрокредит беру тапсырмасын іске асыру барысында Шымкент қаласынан биылғы жылы 261 кәсіп бастаушы жасқа микрокредит беру мақсатында республикалық бюджеттен 1 305,0 миллион теңге қарастырылған.
Кредиттер мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы бағытында алса, 7 жылға дейін беріледі.
Қазір жастар кәсібін жеңілдетілген несиелендіруге қатысты Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы министрлігімен үш жақты кредиттік шарт жасалды. Сенім білдірілген өкіл болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен айқындалды.
Бүгінгі таңда комиссияның екі отырысы өтті. Онда 63 құжат қаралып, 31 адам комиссияның оң қорытындысын алды. Биылғы жылдың 30-мамырында Шымкент қаласы бойынша жастарға микрокредиттер беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін конкурс комиссиясының келесі отырысы өтті.

Айта кетейік, жастардың кәсібін қолдау бағытында жеңілдікпен қалада 2024 жылы 273 адам жас қамтылып, оған 1 млрд 365 миллион теңге, 2025 жылы 282 жас қамтылып, 1 миллиард 410 миллион теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

Несие алудың шарттары төмендегідей:

- микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін;
- микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;
- номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
- Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес, сенім білдірілген өкілге микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылға дейінгі кәсіпкерлер;
- Кепілдік қою талап етіледі.
Сондай-ақ, несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Алайда осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс. Кредит нақты бір салаға арналмаған. Кез-келген кәсіп ашқан жас кәсіпкер, оны жүргізуге көмек ретінде несиеге конкурсқа қатысса болады. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.