Газ құбырындағы ақау салдарынан 1500 тұтынушы газсыз қалды.
ERNUR.KZ. Газ қызметкерлері Шымкентте газ құбырындағы ақауды жедел қалпына келтірді. Апатқа жақында болған жер сілкінісінің салдары себеп болған, деп хабарлайды "ҚазТрансГаз" компаниясының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тұтынушыларды табиғи газға қайта қосу жұмыстары толық аяқталды.
"Газ құбырындағы бұл жағдай жақында болған жер сілкінісі салдарынан пайда болды. Бұған дейін де осындай жағдай Қайнар ауылының маңындағы орта қысымды жерасты газ құбырында тіркелген болатын", - деп хабарлады компания.
Өз кезегінде "ҚазТрансГаз Аймақ" "Интергаз Орталық Азия" АҚ және "ҚазТрансГаз Өнімдері" ЖШС-мен бірлесіп жақында болған жер сілкінісінен кейін 23 қаңтардан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын газ құбырларын тексеріп келеді. Бұл жұмыстар үшін "ДЛС-Пергам" мобильді зертханасы қолданылады.
Еске сала кетейік, 3 ақпан күні сағат 21:45-те Мәртөбе тұрғын алабында Ду-325 мм жоғары қысымды газ құбырында табиғи газ шығып жатқаны анықталды.
Соның салдарынан 1500 тұтынушы мен жеті өндірістік кәсіпорынға газ беру тоқтатылды.
Тұтынушыларды газға қайта қосу жұмыстары 4 ақпан күні таңертең толығымен аяқталды.