Алексей Луценко алтын дубль жасап, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды

0
171

Қазақстан құрамасының спортшылары бұл жарыста тұғырдың алғашқы екі сатысына көтерілді.


Алексей Луценко алтын дубль жасап, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы 160,5 шақырымдық топтық жарыста мәреге бірінші болып жетті. Луценконың нәтижесі – 4 сағат 13 минут 11 секунд.

Қазақстан құрамасының спортшылары бұл жарыста тұғырдың алғашқы екі сатысына көтерілді. Евгений Федоров Алексей Луценкодан 1 минут 58 секундқа қалып, күміс медаль иеленді. Қола жүлде Жапония өкілі Юхэй Тодомеге бұйырды. Тағы бір қазақстандық Николя Винокуров жарысты жетінші орында аяқтады.

Бұл – Алексей Луценконың биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін, 20 қыркүйекте қазақстандық спортшы жекелей сын жарысында топ жарып, 41 минут 24,05 секунд нәтижемен чемпион атанған болатын.

Осылайша, Алексей Луценко Азия ойындары-2026 додасында алтын дубль жасап, құрлықтық додадағы чемпиондық атақтарының санын алтыға жеткізді.

Қазақстандық велошабандоз Азия ойындарына төртінші рет қатысып отыр. Ол алғашқы алтынын 2014 жылы Инчхонда жекелей сында жеңіп алды. 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында Луценко жекелей және топтық жарыста екі алтын медаль иеленді. Ханчжоудағы Азия ойындарында жекелей сында тағы да чемпион атанып, топтық жарыста күміс жүлде жеңіп алды. Енді Жапонияда спортшы өз жүлде қоржынына тағы екі алтын медаль қосты.

Айта кетейік, Луценко Азия ойындарындағы топтық жарыста бұған дейін 2018 жылы да чемпион атанған.

Ерлер арасындағы топтық жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірден екі жүлдеге ие болды – Алексей Луценко алтын, Евгений Федоров күміс медаль жеңіп алды.