Астанада шахматтан әлем чемпионаты мәресіне жетті

0
572

Астанадағы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 2 млн еуро болса, соның 55% Қытай шахматшысының қанжығасында кетті.


Астанада шахматтан әлем чемпионаты мәресіне жетті

ERNUR.KZ. Елордада бір айға жуық жалғасқан шахматтан әлем чемпионатының жабылу салтанаты болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жабылу салтанаты да турнирдің өзіндей жеңіл әрі жинақы өтті. Ел өнерпаздарының ұлттық нақыштағы қойылымдары шараға өзіндік реңк бергендей болды.

Әлем чемпионатының түйінін қойып, қорытындысын жариялау үшін Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Халықаралық шахмат федерациясының басшысы (FIDE) Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сахнаға көтерілді.

Аркадий Дворкович осы турнирде әлем чемпионы атанған қытайлық Дин Лижэнді марапаттар алдында ақтық сайысқа шыққан қос шахматшының иығына шапан жабылды.

«Сіздерді осындай игі шарада жолықтырғанымызға қуанып тұрмын. Шахматтан әлем чемпионаты еліміздің бас қаласы Астанада өткенін мақтан тұтамыз. Ақтық сында өте тартысты, қызық ойын көрдік. Әрине, оған дейінгі ойындар да аса тартысты болды. Біздің елде өткен чемпионат тарихи оқиғамен есте қалып жатыр. Өйткені жаңа чемпионның есімі белгілі болды. Дин Лижэнь мырзаны осы үлкен жетістігімен құттықтаймыз. Сондай-ақ, Ян мырзаға болашақта үлкен жеңістер тілеймін», - деді Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде.

Ал Тимур Турловтың айтуынша, Қазақстан шахмат федерациясы үшін бұл турнир үлкен тәжірибе болған.

«Біз осы чемпионат аясында 20-дан астам шара өткіздік. Мен барлық ұйымдастырушыларға – FIDE ұжымына, өзіміздің шахмат федерациясындағы әріптестерімізге осынау тамаша оқиғалардың орын алуына үлес қосқандары үшін алғыс айтамын. Біздің Үкімет өкілдеріне, қала билігіне, бізді қолдаған ұйымдарға, достарымыз бен әріптестерімізге көп рахмет. Сіздердің арқаңызда турнир аясында ұйымдастырылған шараларға 200-ден астам бала қатысты. Жалпы кейінгі бірнеше айда, соның ішінде осы чемпионат кезінде елімізге әлемдік деңгейде есімі бар шахматшылар келіп, тәжірибесін бөлісті», - деді Тимур Турлов.

Сондай-ақ, ол Қазақстан бұдан әрі қарай да шахмат әлеміндегі елеулі оқиғалардың бел ортасында болуға ниетті екенін жеткізді.

«Біздің түпкі мақсатымыз – шахматты мектеп оқушыларының арасында танымал ете түсу, жастарды осы ойынға қызықтыра түсу, ақыл-ойға құрылған дегдар спорт арқылы жастардың табыс кілтін табуына жағдай жасау. Біздің нақты жоспарымыз бар, елдегі шахмат үйірмелерінің саны қазіргі 7 мыңнан 14 мыңға дейін жететініне сенеміз. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында, халықаралық федерацияның қоладауының арқасында сол мақсатқа қол жеткізе алатын сияқтымыз. Оған қажет ақша да бар, ұйымдастыру мүмкіндіктері де бар. Кімге жүгінсек те, бәрі қолдау танытып жатыр», - деді Қазақстан шахмат федерациясының басшысы.

Сонымен қатар, бүгін Халықаралық Шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасында алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы шартқа қол қойды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионат әлемде алғаш рет өткізілмек.

Ал оған кәнігі спортшы саналатын шахмат клубтары мен үйірмелердің тәрбиеленушілері емес, қарапайым оқушылар, яғни, әуесқой шахматшылар қатысады.

Жарыс екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңдегі іріктеу жарыстары чемпионатқа қатысушы елдердің аумағында ұйымдастырылады.

Сол ұлттық біріншіліктерден іріктелген мықтылар екінші кезеңде бақ сынау үшін тамыз айында Қазақстанға келеді.

Қазірдің өзінде бұл турнирге әлемнің 50 елінен әуесқойлар келетіні айтылып жүр.

«Астанада аяқталған әлем чемпионаты қазақстандықтардың осы спорт түріне қатты қызығатынын көрсетті. Біздің шахматшылардың Ашық кубоктағы жеңістері, Қазақстан әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы ойыны елде шахматтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті. Оқушылар арасында өтеді деп жоспарланған алдағы турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, әлемнің әр түкпірінен келетін мықтылармен сайысуына мүмкіндік береді. Бұл елімізде шахматтың дамуына серпін беріп, шахмат әлемінде жаңа есімдердің шығуына жол ашады», - дейді Тимур Тұрлов.

Бұған дейін Грекияның Родос қаласында өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша бірінші орын алған болатын.

Аланна Берікқызы 9 жасқа дейінгі шахматшылар арасында, Әмина Қайырбекова 17 жасқа дейінгі шахматшылар арасында алтын медаль иеленген еді.

Ал Астанада ересектер арасында өткен әлем чемпионатының ақтық ойынында қытайлық шахматшы Дин Лижэнь ресейлік Ян Непомнящийді жеңіп, 17-ші әлем чемпионы атанды.

Классикалық уақыт өлшеміндегі 14 партия 7:7 есебімен тең аяқталса, 4 блиц-партияның ақырғы айқасында қытайлық шахматшы Ресей шахматшысынан мықты екенін дәлелдеп берді.

Айта кету керек, Дин Лижэнь осы турнирге қатысудан бас тартқан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсеннің орнына жаңа чемпион болып тіркелді.

Астанадағы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 2 млн еуро болса, соның 55% Қытай шахматшысының қанжығасында кетті.