​Ерсұлтан Мұзаппаров: Салмағы өзімнен ауыр балуандармен күрескен ұнайды

0
3 442

Әрбір жарыста балуан жеңімпаз болғаннан соң өзіңе деген сенім артады.


​Ерсұлтан Мұзаппаров: Салмағы өзімнен ауыр балуандармен күрескен ұнайды

1 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" VIII республикалық турнирі өтіп, онда Түркістан облысынан «Оңтүстік Барысы» атанған Ерсұлтан Мұзаппаров та бақ сынаған болатын.

ERNUR.KZ тілшісі дүбірлі додадан Шымкентке оралған Ерсұлтан Мұзаппаровтан арнайы сұхбат алған еді.

  • Ерсұлтан, «Қазақстан Барысы» турниріне дайындық барысы қандай болды?
  • «Біз «Қазақ Барысы» турниріне жоспар бойынша дайындалдық. Өзбек күресінен жеңімпаз атандым. Жалпы дайындық өте жақсы болды.
  • Сіз бір айдың ішінде екі турнирде топ жардыңыз. Темірландағы жарыс пен Өзбекстандағы турнирде бірінші орынды иеленген едіңіз. Бұл қаншалықты сізге пайдасын тигізді?
  • Әрбір жарыста балуан жеңімпаз болғаннан соң өзіңе деген сенім артады. Түркістан облысында Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан турнирінде жеңімпаз болып, финалда Айбек Нұғмаровпен кездестім. Додаға дайындығым өте жақсы болатын. Айбектің салмағы ауыр болса да, жеңіске деген құштарлығым маған жеңімпаз болуды сыйлады. Ал, «Қазақстан Барысы» турнирінде оған қарсы шаршаңқырап шықтым. Әрбір белдесуден соң бізге демалу мүмкіндігі болмай, кілемге тез-тез шығарып жіберді. Бұл жағдай да өзінің кері әсерін тигізді деп ойлаймын.
  • Бұл жолы Айбек Нұғмаров сізден реванш белдесуінде есемді қайтарамын деп шыққаны белгілі. Қандай әдісті қолданды?
  • Әлбетте, жеңілген әрбір спортшы келесі жолы өзімді көрсетіп, есені қайтарамын дейді. Айбек бұл жолы өзінің салмағын пайдалана алды. Мен шаршаңқырап тұрғаным үшін ойлаған әдісін ұтымды пайдалана білді.
  • Ауыр салмақтағы балуандармен шығып жатқанда қорқыныш болмай ма? Оларға қарсы қандай машықтанған әдістерді қолданасыз?
  • Өзім ауыр салмақтағы балуандарға қарсы кілемге шыққанды ұнатамын. Себебі олар өте баяу әрекет жасайды. Ауыр салмақты игерудің өзі де қиын ғой. Бәрібір салмағы жеңіл спортшылар жылдам әрекет жасайды. Оларға қарсы өзімнің «коронный әдісім» бар.
  • «Қазақстан Барысы» турнирі 8-ші рет өтті. Осы күнге дейін біздің облыстан мықты балуандар қатысты. Облыстан чемпион шығатынына сенімдісіз бе?
  • Иә, ағаларымыз барып облыс намысын қорғады. Құдай қаласа, біздің облыстан да чемпион шығатынына сенімдімін. Қазіргі күнде Әділжан Ыстыбаев, Нұрсұлтан Мыңғышев және басқа мықты балуандарымыз бар. Келесі жылы чемпион болуға өзімнің бар күшімді салып, жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға тырысамын.
  • Алда Жакарта қаласында өтетін Азия ойындары. Сіз өзбек күресінен бас жүлде үшін кілемге шығасыз. Қарсыластар қай елден болады?
  • Азия ойындары деген ол деңгейі Олимпиададан кейінгі тұрған жарыс ғой. Сол үшін де көп спортшылар осы Азия ойындарына барып қатыссам деп армандайды. Азия ойындары өзбек күресінен өтіп жатқаны үшін негізгі қарсылас бәрібір Өзбекстаннан болады деп ойлаймын. Өзбек күресі дзюдоға жақын. Қазір білесіздер, дзюдо бүкіл әлемде жоғары деңгейде. Құдай қаласа медальмен ораламын деген ниеттемін. Дайындық екі бағытта өтеді. Біріншісі Көкшетауда өткен еді. Ал, екінші кезең тамызда Алматы қаласында өтетін болады.
  • Көпшілікті қызықтырған сауалдың бірі отбасыңыз жайлы болсын, мәлімет беріп өтсеңіз?
  • Бойдақпын. Отбасымызда 4 перзентпіз. Ағам, екі әпкем бар. Әкем - орманшы.
  • Арманыңыз?
  • Арманым - көпшілік спортшылар сияқты Олимпиада ойындарының чемпионы атану. Қазақ күресінен жарыстарда қатысып жүрген болсам да енді дзюдодан Олимпида лицензиясы үшін турнирлерге қатысамын. Маған көмек беріп жатқан жандардың бәріне алғысымды айтамын. Менің жеңісім – мен тәлім алған мектептің, жаттықтырушылар мен күрестегі аға буындардың, облыс пен қаланың жеңісі деп білемін.
  • Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жеңісті күндері кездескенше.

Әңгімелескен: Толқын Бакирхужаев,

ERNUR.KZ