"Қандай патриот екенімді тексермей-ақ қойыңыздар": Головкин Елеусіновті неге көргісі келмейтінін түсіндірді

0
1 475

«Мен қайдан екенімді және қандай мемлекетті таныстыратынымды сөзбен емес, ісіммен дәлелдейтін адаммын»


ERNUR.KZ. Осы күнге дейін жеңіліп көрмеген Стив Роллспен жекпе-жекке әзірленіп жатқан қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Данияр Елеусіновпен болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады stan.kz.

Жуырда Елеусінов GGG – Роллс андеркардына жоспарланған жекпе-жектің басқа уақытқа көшірілгенін хабарлады. Ал оның менеджері бұл Головкиннің қалауы екенін айтты.

«Данияр өткен жылы маған қатысты қандай ойда екенін байқатты. Бұл менің оған деген қарым-қатынасымның өзгергенін білдірмейді. Мен, шын мәнінде, оған кәсіби рингте табыс тілеймін. Ол өзі айтқандай «біздің жолымыз екі басқа». Бұл оның сөздері. Оның менеджері кәсібилікке жат қылық көрсетті. Бұл туралы аталған жағдаймен бетпе-бет кездескен Том айтып бергені дұрыс», - деді Головкин.

Әрі қарай ол арада болып жатқан жағдайға қарамастан Matchroom Boxing компаниясына еш қарсылығы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, ол аталған компанияның бірнеше боксшысы андеркардта жұдырықтасатынын жеткізіп, БАҚ-та жарияланып жатқан барлық ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Біріншіден, осы уақытқа дейін айтқанымдай, мен жас әрі талантты боксшыларға көмектескім келеді. Әрине, бірінші кезекте қазақстандық боксшыларға. Бірақ промоушен мен көрермен қауым үшін қызықты, жақсы жігіттер табылып жатса, оларға әрдайым андеркардтан орын табылады. Екіншіден, ұлтшылдық тақырыбын көтеріп, ұлтаралық қақтығысқа жол беріп отырғандарға айтарым бар. Әсіресе, мұны журналистердің пайдаланатыны өкінішті. (...) Менің қаншалықты патриот екенімді тексерудің қажеті жоқ. Көптеген адамға қарағанда, мен қайдан екенімді және қандай мемлекетті таныстыратынымды сөзбен емес, ісіммен дәлелдейтін адаммын», - деп қорытты қазақстандық боксшы.

Естеріңізге сала кетсек, Головкин мен Роллс жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорк қаласының Madison Square Garden аренасында өтеді.