Қазақстан атынан Паралимпиадаға 25 спортшы барады

0
1 216

​Қазақстандық спортшылар жеті түрлі спорт бойынша бақ сынайды. Биыл олар алғаш рет каноэде ескек есу мен оқ атудан жолдама алды.


Қазақстан атынан Паралимпиадаға 25 спортшы барады

ERNUR.KZ. Токиода өтетін XVI Паралимпиадаға Қазақстанның атынан 25 пара спортшы барады, деп жазады sputniknews.kz.

Жапония астанасында Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Жапония ұлттық стадионында өтетін салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның Туын таеквондодан екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, Еуропа чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Нұрлан Домбаев пен пауэрлифтингтен Рио паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева ұстайды.

Паралимпиадаға қазақстандық спортшылар жеті түрлі спорт бойынша қатысады. Оның ішінде 7 спортшы суда жүзу, 6 спортшы дзюдо, 5 спортшы пауэрлифтинг, 3 спортшы таеквондо, 2 спортшы жеңіл атлетика бойынша бақ сынайды. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар алғаш рет каноэде ескек есу мен оқ атудан жолдама алды.

Айта кететіні, биыл Қазақстан Паралимпиадаға алтыншы рет қатысады. Бұған дейін Қазақстан атынан 1996 жылы Атлантадағы Паралимпиадаға – 12, 2000 жылы Сиднейге – 2, Афиныға – 8, Бейжіңге – 3, Лондонға – 7, Рио-де-Жанейроға 10 спортшы барған.

Қазақстандық атлеттер Риодағы Паралимпиадада алғаш рет жүлде алды. Бразилияда Зульфия Габидулина чемпион атанса, Раушан Қойшыбаева күміс жүлдеге ие болды.

Токиодағы Паралимпиадада 136 мемлекеттен 4 400-ге жуық спортшы 22 спорт түрінен сынға түседі.

Биыл Паралимпиадаға бадминтон мен таеквондо спорты қосылды. Қазақстан атынан 3 таеквондошы жүлде үшін таласады.

Паралимпиада ойындары – мүмкіндігі шектеулі (немесе мүгедектігі бар) адамдар арасында өтетін халықаралық спорт жарысы. Дәстүр бойынша ол басты Олимпиада ойындарынан кейін сол қалада өтеді.