Үйден себепсіз шығуға болмайтынын ескерген спортшылар онлайн жаттығулар жасауға көшіпті.
ERNUR.KZ. Оралдық футболшылар карантин кезеңінің пайдалы жақтары да аз емес деген пікірде, деп жазады 24.kz.
Төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтай отырып, бос уақытты неге тиімді пайдаланбасқа дейді олар. Үйден себепсіз шығуға болмайтынын ескерген спортшылар онлайн жаттығулар жасауға көшіпті.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
"Қазір қаладағы орталық стадионның қақпасына қара құлып салынған. Ешқандай ойындар өтіп жатқан жоқ. Дегенмен, карантин уақытында біздің футболшыларымыз немен шұғылданып жатыр екен, соны білетін боламыз".
"Рас. Қалада бұдан басқа да бірнеше ойын алаңы бар. Бірақ қазір бәрінде де осындай кеп. Карантин басталғалы бері баршаға ортақ талап бар. Ол тәртіпке бағынып, үйде отыру ғана. Дегенмен, мұндай бос уақытты тиімді пайдалануға болады. Ол үшін алысқа барудың қажеті шамалы. «Бапкер жолдаған онлайн жаттығуларды үйде де орындай аламыз", – дейді «Ақжайық» командасының капитаны Бауыржан Омаров.
"Енді елімізде карантин жарияланғаннан кейін соған түсіністікпен қарап үйде болу керек. Енді футболға келсек, тренерларымыз видеомен жаттығулар жіберіп, соны үйде орындап жатырмыз. Бүкіл команда болмаған соң қазір доп тебетін жағдай жоқ. Бәріне түсіністікпен қарауға тырысамыз" - дейді Бауыржан Омаров.
«Ақжайық» биыл екінші жыл қатарынан бірінші лигада өнер көрсетіп жүр. Алдағы басты міндет, жоғары лигага шығу.
"Біз спортшы ретінде бірінші кезекте денсаулық қажет екенін түсінеміз. Әрине, карантин жағдайы баршамызға оңай тиіп тұрған жоқ. Дегенмен, соның өзінде пайдалы әрекет жасауға еш кедергі жоқ деп есептеймін" - дейді бас жаттықтырушы Артур Авакянц.
Жарты ғасырлық тарихы бар клуб ойыншыларының 70 проценті жергілікті жігіттер. Жас мөлшері 18 бен 35 аралығында. Бразилиялық жалғыз легионер карантиннен бұрын еліне қайтыпты.
«Жасыл алаңды сағынамыз әрине. Бірақ талап баршаға ортақ. Бастысы, жанкүйерлермен қауышар күнге аман жетейік», – дейді спортшылар.