Жартылай финалда ол қырғызстандық Ихтияр Нишоновпен қолғап түйістірді.
Фото: ҰОК
ERNUR.KZ. Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан бокстан Thailand Open халықаралық турнирінде Төрехан Сабырхан (70 келі) финалға шықты, деп жазады inform.kz.
Жартылай финалда ол қырғызстандық Ихтияр Нишоновпен қолғап түйістірді. Төрешілердің бірауыздан шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Енді ол финалда өзбекстандық Мұхаммадазизбек Исмойловпен шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, Төрехан жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атағын жеңіп алған.
Төрехан былтыр қараша айында Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Диас Молжігітов (80 келі), Виктория Графеева (60 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) финалға жолдама алды.
Сондай-ақ ел құрамасынан Дулат Бекбауов (65 келі), Данияр Рахымбердиев (90 келі), Бекзат Таңатар (85 келі) мен Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Дәстүрлі турнир 24 мамыр мен 1 маусым аралығында өткізіліп жатыр. Оған Қытай, Корея, Жапония, Өзбекстан, Қазақстан, Таиланд және тағы басқа елдің былғары қолғап шеберлері қатысады деп жоспарланған.