Бұл мақалада біз шетелде жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік беретін 4 танымал бағдарламаны ұсынамыз
сурет: behance.net сайтынан
Жазғы демалысты тек демалып қана емес, пайдалы әрі қызықты өткізгіңіз келе ме? Жаңа елдерді көріп, жаңа достар тауып, ағылшын не басқа шет тілдерін дамытып, кәсіби тәжірибе жинауға не дейсіз? Мұның бәрін бір уақытта орындауға көмектесетін арнайы халықаралық бағдарламалар бар. Бұл мақалада біз шетелде жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік беретін 4 танымал бағдарламаны ұсынамыз. Әрқайсысы – жастар мен студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы.
"Au Pair" – шетелдік отбасымен бірге тұр!
Au Pair – бұл жас қыздар мен жігіттердің шетелдік отбасымен бірге тұрып, олардың баласына қарау арқылы өз мәдениетімен бөлісіп, шет тілін үйренетін халықаралық бағдарлама. Қатысушы бағдарлама бойынша белгілі бір отбасының үйінде тұрып, бала тәрбиесіне көмектеседі және жеңіл тұрмыстық жұмыстар атқарады.
Бағдарламаға қатысу үшін көбіне 18–30 жас аралығындағы қыздар қабылданады. Ағылшын, неміс, француз тілдерінің бастапқы деңгейін білу жеткілікті. Қатысушыға тегін тұру, тамақ, ай сайынғы қалта ақша (шамамен 70–100 еуро) және тіл курсына қатысу мүмкіндігі беріледі.
Au Pair бағдарламасының басты артықшылығы – тілдік ортада өмір сүру, мәдени алмасу және саяхаттауға арналған бос уақыттың болуы. Германия, Франция, Нидерланды, АҚШ, Швеция сияқты елдер бұл бағдарламаны белсенді түрде ұсынады.
"Camp USA" – жазды АҚШ-тың балалар лагерінде өткіз!
Camp USA – АҚШ-тағы жазғы балалар лагерлерінде тәрбиеші, спорт жаттықтырушысы немесе аниматор ретінде жұмыс істеуге арналған бағдарлама. Бұл бағдарламаға 18–30 жас аралығындағы белсенді, креативті жастар қатыса алады. Арнайы педагогикалық біліміңіз болуы міндетті емес, бастысы – балалармен тіл табыса білу мен жауапкершілік.
Бағдарлама аясында қатысушыларға АҚШ-та 8–12 апта бойы жұмыс, тұру мен тамақтану тегін, ал жұмысы үшін жалақы төленеді. Ең қызығы – жұмыс аяқталған соң 30 күн бойы АҚШ аумағында еркін саяхаттауға рұқсат беріледі.
Camp USA – шетелде жұмыс істеуді ғана емес, топпен жұмыс істеу, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, және мәдениетаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін ерекше бағдарлама.
"Internship & Traineeship" – кәсіби тәжірибе мен мансаптық өсуге мүмкіндік бар
Кәсіби тәжірибе жинап, болашақ мансабыңа жол ашқың келсе, Internship & Traineeship USA бағдарламасы саған арналған. Бұл – АҚШ-та нақты мамандық бойынша кәсіби практика өтуге арналған бағдарлама. Қатысушылар университеттің соңғы курсында оқып жүрген студенттер немесе оқуын жаңа аяқтаған түлектер болуы керек.
Бағдарлама бойынша қатысушылар 6 айдан 18 айға дейін АҚШ-та стажировкадан өте алады. Салалар әртүрлі: бизнес, маркетинг, қонақүй және туризм, IT, инженерия, журналистика және т.б. Қатысушыларға жұмысқа орналасу, тұру, жалақы және визалық қолдау ұйымдастырылады.
Бұл бағдарлама – шетелдік резюмеге салмақты тәжірибе қосу, ағылшын тілін кәсіби ортада дамыту, және халықаралық байланыс орнату мүмкіндігі. Мансап жолын халықаралық деңгейде бастағысы келетін жастар үшін бұл бағдарлама – маңызды баспалдақ.
"Working Holiday" – жұмыс істей жүріп ел арала!
Working Holiday Visa – бірнеше ел ұсынатын, жастарға арналған арнайы бағдарлама. Оның аясында қатысушылар шет елде жұмыс істей жүріп, елдің мәдениетімен танысуға, саяхаттауға мүмкіндік алады. Бұл бағдарлама негізінен 18–30 жас аралығындағы жастарға арналған (кей елдерде 35-ке дейін рұқсат).
Working Holiday бағдарламасын ұсынатын елдер қатарында Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Жапония бар. Қатысушылар көбіне қонақүй, мейрамхана, ферма, дүкен сияқты салаларда жұмыс істейді. Уақытша жұмыс пен саяхаттауға рұқсат беріледі. Бағдарлама ұзақтығы әдетте 6 айдан 1 жылға дейін.
Бағдарламаның басты артықшылығы – қаржылай тәуелсіз бола отырып, әлемді көру және өмірлік тәжірибе жинау. Бұл өз еліңнен тыс жерде өмір сүріп көруді, жауапкершілік пен еркіндікті сезінуді қалайтын жастар үшін тамаша таңдау.
Шетелде жұмыс істеп, саяхаттау – қазір әр жасқа қолжетімді мүмкіндік. Жоғарыда аталған Au Pair, Camp USA, Internship & Traineeship, Working Holiday сияқты бағдарламалар – білім, тәжірибе, саяхат пен өзін-өзі дамытуға арналған халықаралық көпір. Әлемді көру арқылы өзіңді танып, болашағыңа мықты іргетас қалай аласың. Егер сен де жазды есте қаларлықтай өткізгің келсе – осы бағдарламалардың бірін таңдаудан баста!