​«Қазақстанда киносценарий дұрыс жазылмайды»: Голливудты бағындырған Жанат Орхонмен сыр-сұхбат

0
770

«Қазақтар айлап жұмыс істемей жата береді, ал АҚШ ондай еркелікті көтермейді»


​«Қазақстанда киносценарий дұрыс жазылмайды»: Голливудты бағындырған Жанат Орхонмен сыр-сұхбат


Алтайдың арғы жағынан шығып, бүгінде Голливудты бағындыру жолында тынбай еңбек етіп жүрген қазақ азаматын таныстырғалы отыр. Ол – Жанат Орхон. Голливуд актерлерімен иық тіресе еңбек етіп, режиссерлік, актерлік, сценарий жазу ісімен айналысады. ERNUR.KZ тілшісі қандасымызбен аз-кем сұхбат құрды.


- Жанат мырза, әңгімемізді алдымен туып-өскен жеріңізден, отбасыңыздан бастайықшы...

- Мен Алтай аймағы, Көктоғай ауданына қарасты Тұрғын болысының Көктерек деген қыстағында өскен баламын. Аядай ғана ауылда ер жетіп, сол жерде білім алып, тәрбие көрдім. Дәрігерлер отбасында дүниеге келгем. Әкем де, анам да медицина саласында еңбек етті. Он бес жыл өмірім сол ауылда өтіпті. 2005-жылдары білім қуып, еңбек етем деп кеткем.


- Алтайдың арғы жағынан шықсаңыз да қазақшаңыз тап-таза, жазуыңыз тап-тұйнақтай екен. Мұхит асып кетуіңізге не себеп болды?

- Бала жастан атамның тәрбиесінде болдым. Атам, жалпы, ауылдың үлкен кісілері қазақтың салтына, дәстүріне, тіліне берік еді. Соғыс көріп, талай қиыншылықты бастан кешірсе де қанымыздағы ұлттық қасиетті сақтап қалуға барынша тырысты. Бізді де осыған баулыды. Ал енді Америкаға кеткен себебім, бала күнгі арманым еді. Біздің үйде кітап көп болатын.Ағаларым да, өзім де титтейімізден көп оқыдық, өлең жаздық, әңгіме құрастырдық. Соның ішінде шетелдік, аударма кітаптарды жаным сүйіп оқитынмын. «Осыдан өссем Америкаға барам» деп алдыма мақсат қойдым. Және өзімді тек кино саласынан көрдім. Басқа мамандық жайлы ойламадым. Ауылымыз кішкентай ғана, бірақ менің арманым биік болды.

Сәті түсіп, Голливудқа оқуға келдім. Кинорежиссура, актерлік шеберлік және сценарий жазу бағыты бойынша білімімді шыңдап, оған дейін алған білімімді жетілдіріп алсам деген нақты жоспар болды. Одан кейін Қазақстанға барып, тарихи киноларды және өзімнің туып өскен өлкемдегі көптеген тарихи уақиғаларды кино етіп түсірсем деп ниеттеніп жүрмін. Қазір оқуымды бітірдім. Кино саласында жұмыс істеп жүрмін, тәжірибе жинап алу үшін.


- Жалпы, ол жақтың кино индустриясы біздікімен салыстыруға келмейтін шығар. Десе де Қазақстандағы соңғы шығып жатқан туындыларға қандай баға бересіз? Бізге не жетпейді, қай жағынан дамыту керек?

- Әрине, бұл жақтың кино саласы Қазақстан түгілі басқа да дамыған мемлекетті шаңына ілестірмейді. Ертеден дамыған. Сол себепті кино түсіру техникасы, оған бөлінетін қаржы, сценарий арасындағы бәсекелестік, актерлерге жасалатын жағдай, бәрі-бәрі жоғары деңгейде. Жүйеленіп, қалыптасып кеткен. Техника бар, ақша бар, күш-қуат бар. Артықшылығы – осы. Бірақ, десе де соңғы жылдары Қазақстандағы кино өндірісі кәдімгідей дамып жатыр. Мен оны бақылап, қарап отырмын. Жастарда қызығушылық басым, бәсеке қалыптасып келеді. Бұйыртса, алдағы уақытта олардың да арасынан суырылып алға шығатын режиссерлер, актерлер табылады деп ойлаймын.


- Әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Голливудтық сценарий жазу әдісі» деп жазып қойыпсыз. Осыны тарқатып айтып беріңізші...

- Ол осы голливудтық кино мамандарының жеке техникасы. Бұларда сценаридің екі түрі болады, біріншісі коммерциялық бағыт, яғни сатылымға шығарып, пайда табатын түрі, екіншісі шығармашылық тұрғысынан дәріптелетін, байқауларға ұсынатынсценарий. Шынын айту керек, сценарий жазу техинасы Қазақстанда дамымаған. Дұрыс жазылмайды. Сондықтан олар түсірген кинокартиналар әлемдік нарықтан көрінбей жатыр. Ал енді ол қандай әдіс екенін біз екінің біріне айта бермейміз, коммерицялық құпия. Үйренемін, оқимын дегендер келіп, білім алса болады.


- АҚШ-та өмір сүру қиын емес пе? Ол жақтың ерекшеліктер, халқының менталитеті жөнінде айта отырсаңыз...

- Тырбанып еңбек етіп, алдына мақсат қойып, соған жетем деген адамға қай жерде де өмір сүру жеңіл. АҚШ-та аса бір қиыншылық көрмедік. Америкалықтардың өмір сүру салты басқаша, уақыттың қадірін біледі. Әр минутын, әр сағатын жоспарлап барып тірлік қылады. Бір күнің текке, босқа өтсе өмір сүруің қиындайды, өйткені табыс таппасаң аш қаласың. Қазақтарда ол жағынан проблема жоқ қой, айлап жұмыс істемесең де жан-жағыңда туыс-бауыр, ағайын-дос бар, әйтеуір өлтірмейді деп сенесің.

Адамдары жеке шекарасын қатты сақтайды. Бір-біріне ақыл айтып, қателігін бетіне басып, жақындарының мәселесіне білек сыбана кірісіп кету деген жоқ. Өзін ғана дамытады, проблемасын тек өзі шешеді. Білімге қатты көңіл бөледі, «қартайдым» деп қарап отыра алмайды. Әйтеуір бірдеңені үйренуге құштар. Бізде ғой ол, отыздан асқан жап-жас жігіттер екі қолын төбесіне қойып, «біттім, тоқтадым, қартайдым» деп үйкүшік боп жатады. Ал бұл жақтағылар тауға шығып, саяхаттап, ел көріп, жер көріп, бір күнін екінші күніне ұқсатпауға тырысады.


https://www.instagram.com/p/CuGjBmYOdRw/?utm_sourc...