Шерингтік компаниялар самокаттың жылдамдығын шектеу туралы уәделерін орындамаған.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі депутаттармен бірлесіп электрсамокаттардың қозғалысын қатаң реттеу бойынша түзетулер әзірлеп жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха самокаттардың жұмысын реттеуге қатысты мәселе барын мойындады.
«Заңнамадағы олқылықтар бізге әрдайым дұрыс әрекет етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан осы сессия аясында депутаттар тарапынан түзетулер енгізілетіні айтылды. Олар қолданыстағы нормаларды нақтылап, ережелерді жүргізушілерге де, полицейлерге де, барлық азаматқа түсінікті етеді», – деді Лепеха Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, самокаттардың қозғалысын бақылау үшін арнайы нөмірлер енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
«Бұл мемлекеттік тіркеу нөмірлері емес. Әрқайсысының өз нөмірі болады, сол арқылы олардың қозғалысын шектеуге, тротуармен жүруіне немесе адамның артынан, алдынан, қапталдан кенеттен шыға келуіне жол бермеуге болады. Жол қозғалысы ережесінде жүргізуші жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі керек деп нақты жазылған», – дейді Лепеха.
Алайда министр орынбасарының айтуынша, мұны іс жүзінде жүзеге асыру оңай емес. Алматыда тіпті полицейлер самокат мінетін болған, себебі ереже бұзған адамды автокөлікпен тоқтату қиын.
Осы ретте Лепеха шерингтік компанияларға да шектеулер енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Осы мәселе талқыланған кезде оператор компаниялар самокаттардың жылдамдығын саябақтарда және тротуарларда шектейміз деп уәде берген. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы оны орындаған жоқ. Сондықтан қазір депутаттармен жұмыс топтары аясында қосымша шаралар қарастырылады. Компаниялар мұны ерікті түрде жасағысы келмесе, онда заң жүзінде шектеулер енгізуге тура келеді», – дейді ІІМ басшысының орынбасары.