Косметологиядағы танымал өнімдердің бірі - энзим опасы.
фото: maskshop.ru
Бұл өнім қашан пайда болған, қандай мақсатта қолданылады, зияны жоқ па? Қандай тері типтеріне жарамды?
Энзим - "ақуыз"
Опа (пудра) дегенде макияж жасауға қажетті, беттегі әртүрлі кемшіліктерді, дақтарды жасыратын косметикалық өнімді елестетеміз. Бірақ сіз ойлағандай энзим опасы макияжға емес, күтім жасау құралына жатады. Көбіне ұнтақ тәрізді болады.
Энзимнің құрамы өте ұсақ бөлшектерден тұратын «энзим» деп аталатын ферменттерден тұрады. Бұл ферменттер көкөністерден алынады.
Энзим құрамы бойынша кәдімгі ақуызға жақын келеді. Құрамында ең көп энзим ферменті бар өсімдік ол - папайя. Папайядан папаин заты алынып, ас қорыту жүйесін жақсарсартушы, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартып, аурулардың алдын алады, буын ауруларының қызметін жақсартуға бағытталған дәрі-дәрмектер жасалынады. Одан бөлек, косметикалық өнімдер, соның ішінде энзим опасы да жасалады.
Оңтүстік Кореяда пайда болған
Оңтүстік Корея мәдениеті мен асханасы және ең танымал косметикасы дүниежүзі бойынша мойындалғаны талас тудырмас. Энзим опасын 2010 жылдары корейлер ойлап тапқан. Бірақ дүниежүзіне танымал бола бастағаны осы соңғы жылдары ғана.
фото: koreyaryadom.ru
Қандай мақсатта қолданылады?
Энзим опасының негізгі мақсаты - бет терісіндегі өлі клеткалардан арылтады. Жұмсақ пилинг болып саналады. Бетке жаңадан түскен сепкілдер мен дақтарды кетіруге көмектеседі. Теріні ағартады, безеуден арылтып, тері тесіктерінің кішіреюіне үлес қосады. Энзим опасы-пилинг, скраб секілді өнімдердің жаңартылған, жұмсартылған түрі деуге де келеді.
Опаның құрамындағы папаин – антибактериалдық қасиетке ие. Сондықтан, терідегі сезімтаолыққа да қарсы күреседі. Беттегі акне, дақтарды жоюмен қатар, теріні тыныштандырады.
Бромелаин (ананастан алынады) - терінің ішкі қабатын өлі теріден арылтып, жаңартуға көмектеседі. Сезімтал теріге қарсы, терінің майлылығын арттыратын себуммен күреседі, беттегі ісікті жояды, тері тесіктерін кішірейтеді.
Фицин (інжір) - теріні ылғалдандырып, нәрлендіріп, жарқыраған түс береді.
Липаза (күнбағыс, бидай, саңырауқұлақтың құрамында болады)- өсімдіктерден алынған бұл энзим бромелаин сияқты майлы теріні тазалауға жақсы көмектеседі. Терінің микрофлорасын қалпына келтіріп, антибактериалдық қызметті атқарады.
Амилаза (картоп, жүгері) - негізгі қызметі терідегі полисахарид қалдықтарын жою. Полисахаридтер сыртқы факторлардан, мысалы шаң, косметикалық өнімдер немесе зат алмасу қызметінің нашарлауынан пайда болады. Полисахаридтер себуммен бірігіп тері тесіктерін бітеп тастайды.
фото: оzon.ru
Кімге болмайды?
Көптеген косметолог мамандар энзим опасының қарсы көрсетілімі жоқ деп есептейді. Алайда, кейбір қарсы көрсетілімдері бар екендігін де ескере жүріңіз.
- Аллергиясы барлар энзим опасын қолдануда абай болуы керек. Алдымен сынама жасап көріңіз.
- Сезімтал тері иелері де дәл осындай қарсы көрсетілідерден абайлауы тиіс.
- Теріде ашық жара болса, қолдануға болмайды.
- Дерматит, экзема, күйік болса тыйым салынады.
- Майлы теріге де кез келген энзим опасын қолданарда абай болыңыз, себебі, энзим себумның белсенді бөлінуіне жағдай жасайды.
Кімге болады?
- Құрғақ бет терісіне.
- Безеуге.
- Сепкіл және ұсақ дақтарды кетіруге.
Дайындаған: Гүльвира Жорабекқызы,
Тағы да оқыңыз: