​МҰЗ КЕСЕКтерінен ВАННА жасаудың пайдасы қандай?

0
752

Бірақ бұл процедура барлығына сай келе ме?


​МҰЗ КЕСЕКтерінен ВАННА жасаудың пайдасы қандай?

фото: thelist.com

Қалыптасып қалған үрдіс бар, әсіресе таңертең ұйқыңыздан оянғанда беттегі ісікті тез арада кетірудің амалы ісінген аймаққа алдын ала дайындалған мұз кесектерін басу немесе мұз ваннасын қабылдау.

Бірақ бұл процедура барлығына сай келе ме? Осыған ешкім назар аудармайтын секілді. Артық қылам деп тыртық қылып жүрмеңіз.

*Мұзбен бетке массаж жасау косметологияның тілімен айтқанда «криомассаж» деп аталады. Бұл әдіс сұлулық әлемінде көп уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда, оның да өз әдісін білуіңіз шарт.


Мұз ваннасын қалай жасау керек?

Бетке күтім жасаудың бұл тәсілі тиімді әрі оңай. Ол үшін:

1.Алдымен қайнатылған, кейін бөлме температурасында суыған немесе фильтрленген суды арнайы ыдысқа құйып, оған алдын ала қатырылған мұз бөліктерін саламыз. Құбыр суын қолданамын десеңіз, есіңізде болсын, бұл судың құрамында хлор және басқа да терінің сезімталдығын оятатын басқа да компоненттер болуы ықтимал.

2.10-15 секунд бетіңізді осы ыдыстағы суға батырып тұру керек. Егер дем жетпей немесе басқа да ыңғайсыздықтар туындаса, уақытты 5 секундтан бастап, біртіндеп көбейтсеңіз болады. Бұл процедураны 2-3 рет қайталау керек.


Ескерту!

10-15 секундтан асырмауыңыз тиіс. Егер асырсаңыз, беттің жүйке тамырларына суық тиіп, неврит секілді аурулар пайда болуы мүмкін.

3.Одан кейін бетіңізді қағаз майлықтың көмегімен құрғатып, соңынан нәрлендіруші, ылғалдандырғыш кремдерді жағып қойыңыз.

4.Мұз ваннасын жасағаннан кейін кем дегенде 1 сағат ешқайда шықпаңыз, үйде болыңыз. Егер ваннадан соң дереу тысқа шығып кетсеңіз, бет терісіне зиян келтіріп аласыз. Бұл әдісті ең дұрысы таңертең және кешкі жатар орынға жасағаныңыз абзал.

5.Ваннаға қолданатын мұзды қарапайым судан емес, түймедақ, көк шайдың қайнатпасымен тұндырып, мұз кесектерін жасасаңыз нәтижесі жақсырақ болады. Аталған шөптерге аллергияңыз жоқ болса болғаны.


КІМГЕ тыйым салынады?

Шынында да мұз ваннасы барлығына бірдей келе бермейді. Бет терісінде мәселесі бар, мысалы, купероз, розацея, крапивница, дерматит, аллергия секілді тері ауруларында мұз ваннасын қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ терісі сезімтал ханымдар бұл процедураны қолданбағаны дұрысырақ.

Бетіне имплант (силикон) салдырғандар дәрігермен кеңескені жөн. Өйткені, суық температура импланттың әсерін өзгертіп жіберуі мүмкін.


фото: www.musely.com


Пайдасы:

*Таңертең мұз ваннасын қабылдау беттегі ісікті кетіріп, көздің айналасына түскен дақтарды кетіруге көмектеседі. Алғашқыда бетті мұздай суға салғанда терінің тесіктері тарылады, судан алып шыққанда қайтадан кеңиді. Нәтижесінде қанайналымы жақсарып, тері клеткаларына ауа және басқа да пайдалы минералдар жеткілікті мөлшерде барады. Нәтижесінде терінің өңі жақсарып, жасарады.

*Терінің клеткалары жаңарып, ерте қартаюдың алдын алады. Ұсақ әжімдерді тегістеуге көмектеседі.

*тал түске дейін маужырап, ұйқысын аша алмай жүретіндерге жақсы көмектеседі. Мұздай су адамның көңіл-күйіне әсер етеді және эндорфин т.б. гормондардың бөлініп шығуына ықпал етеді. Одан бөлек, күйзеліс гормоны болып есептелетін кортизолдың деңгейін төмендетеді.

*Психологиялық ахуалды жақсартады. Бетті суық суға «шомылдыру» парасимпатикалық жүйке талшықтарын белсендіреді, бұл ағзаны тыныштандырып, күйзеліс жағдайынан тез шығуға көмектеседі.


Зияны

Барлық нәрсенің екі ұшы бар, пайдасымен қатар, зиянын да айта кетейік.

*Бет терісін суыққа дайындамай тұрып, бірден, көп уақытқа мұз ваннасына салғанда «үсік» алу қорқынышы бар. мұндай жағдайда тері, қан тамырлары стресс жағдайында болады. Қан тамырлар өз жұмысын дұрыс атқара алмағанда тері қабатының зат алмасуы бұзылады.

* Мұз теріні құрғатады. Сондықтан, нәтижесінде тері қабыршақтанып, қызыл дақтар пайда болуы мүмкін.

* Температураның күрт өзгеруі тер және май бездерінің жұмысын бөгеп, терінің серпімділігін жоғалтып алуыңыз мүмкін.


Ұсыныс

Мұз ваннасын қолдану әдетте көптеген пайда береді. Тек қана шектен аспау керек. Сондықтан, өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете отырып, бетіңізге күтім көрсетіңіз. Егер қауіптенсеңіз, косметика сататын дүкендерде бет массажына арналған роликтер бар, соны сатып алыңыз да тоңазытқышқа салып қойыңыз. Қолданар кезде осы аспапты шығарып, бетке массаж жасаңыз. Тиімділігі сол, мұздай аспап теріні тыныштандырады, уқалау эффекті қан айналымын жақсартады, ісікті басады. Бастапқыда салқын болған аспап біртіндеп жылиды және мұзға қарағанда теріге ешқандай жарақат келтірмейді. Сондықтан, салқын аспапты бетіңіздің бір бөлігіне ұзақ уақыт қойып тұрмай, ары-бері жылжытып, массаж қимылдарын жасаңыз, себебі бір орында тұру қан тамырларға зиян келтіреді.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«Жасартып көрсететін» КИІМді таңдауға көмектесетін 5 КЕҢЕС


ӘЖІМді кетіруге АРНАЛҒАН кремді дұрыс жағып жүрсіз бе?