Ер адам бұрынғыдан гөрі көбірек табыс таба бастаса және сол табысына орай мінез-құлқы өзгеріп, отбасынан жырақтай бастаса әйел не істеу керек?
Ақша қандай адам болмасын, өз үкімін жүргізе алады. Егер өзінің ерік-жігерінің күштілігі мен өзін-өзі басқару қабілетіне ие болса, әлбетте соған сай бой көрсетеді.
Ер адам бұрынғыдан гөрі көбірек табыс таба бастаса және сол табысына орай мінез-құлқы өзгеріп, отбасынан жырақтай бастаса әйел адам не істеу керек?
Ер-азаматтың табысы көбейсе...
Әрине, бұл кім-кімді де қуантады. Алайда, отбасын асырап жүрген еркек табысын тек қана отбасына жұмсамай, өзгере бастаса өзіне деген «сенімі» артқаны.
Табыстың көптігі ер адамды біршама жоғары көтеретіні рас. Біреулер аяғын жерден үзеді, кейбірі бұл несібенің көптігін ақылға салып, салмақты бола бастайды. Отбасына көңіл бөліп, алдына нақты мақсаттар қояды.
Енді біз бірінші типтегі ерлердің өзгерісі жайлы айтып көрейік... Бір-екі теңге артық ақша таба бастаса аяғын қай жерден басарын білмей қалады. Себептері де әртүрлі болуы мүмкін.
- Балалық шағында ақшадан таршылық көріп өскен немесе сараң ата-ананың тәрбиесін алған болуы мүмкін. Сондай-ақ, өзінен гөрі дәулетті достары мен туыстарының алдында өзін кем санайды. Солар секілді болсам, олардан да асып түссем деген арманмен өмір сүреді. Нәтижесінде іштей қақтығыстары пайда болады, «бір күні байып кетсем, іштерің күйеді» дегендей...
- Ата-анасының тарапынан жылулық жетіспеген ұл балалар да есейгенде өз қолы өз аузына жетіп, жағдайы түзеле бастаса, балалық шағындағы агрессиясын әйелінен алады.
- Әйел заты күйеуіне көп табыс таба алмағаны үшін наразы болғаны, сонымен қатар, барлық жағдайын жасап, әйелдің мүмкіншіліктерін көбейтіп бергені үшін алғыс алмаған, әйелінен «рахмет» ести алмаған еркектің де іс-әрекетінде кедергілер пайда бола береді. Жолында кедергілер көп болған еркектің әйелі қанағатсыз.
«Көңілі тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтқандай, өзін «мен болдым, толдым, барлығына жеттім» деп есептеген ер-азамат нәпсінің құлына айналып кетуі де ғажап емес. Себебі, ақшаға тәннің қалауын орындаушы деп қана қарай алатын адамда басқа мақсат болмайды.
Кейбірі ішімдікке қалай ден қойып кеткенін де аңғармай қалады. Өйткені, «маңызды істі шешуде ішпесе болмайды», «беделді кісі ғой, оның құрметіне ішпесем тағы ұят» деген сылтаулармен әдетке айналып кетуі де мүмкін. Көпшілік еркектер өзін қинайтын, шешімі табылмаған проблемасы жанына батқандықтан, оны біреуге айта алмағандықтан ішеді. Мұндай жағдайда әрине, ақшаның маңызды роль атқаратыны белгілі. Қаражаттың жеткілікті болуы проблеманы ұмытуға сеп болатындығы сөзсіз.
"Әйелді" көбейтпеуі үшін...
Ондаған жылдар бірге тұрып, отбасының болашағы үшін өмір сүрудің орнына түрлі себептер тауып, олардан бас тартып, тез арада басқасына үйленіп алу немесе қолына кіріп алу - еркектің ойына келуі және нәпсінің жетегіне еруге деген бейімділігі.
Еркек «әзілдеп» айтса да, тіліне осы сөз оралды ма, демек, әйел сақ болуы керек. Ерінің ноқтасын тартып отырмаса «бұл әзіл» шындыққа айналып кетуі мүмкін.
Қате әрекет етуден сақтану
Жанжал туындату, әр екі сөздің бірінде «табысым көбейді деп өзгеріп қалыпсың» дей беру, үйден кетіп қалу немесе бастығына шағым айтып өр кеудесін басып қою - бұлардың барлығы тек қана өзіңізге зиян келтіреді. Мұндайда күйеуіңіздің салқын қарым-қатынасы одан сайын суи беруі мүмкін, бірақ, жылы қарым-қатынасты қалпына келтіре алмайды.
Күдігіңіздің соңынан қумаңыз
Ер адам көп ақша табуы үшін көп жұмыс істейді. Достары мен ағайындары көбейеді. Күтпеген шаруалары шығып қалады. «Табысы көбейгелі бізге мойын бұра алмай қалды. Егер басқа біреуді тауып алған болса ше?» деген негізсіз күдікке көңіліңізден орын бермеуге тырысыңыз. Онсыз да шаршап жүрген күйеуіңіздің жағасынан алып, тергей бермеңіз.
«Барлық мәселе байлықтан туындайды» деген ойдан аулақ болыңыз
Күйеуіңіздің мүмкіндіктері көбейген кезде бөтен әйелмен байланысты делік. Сіздің ойыңыз? Тек қана қосымша түсіп жатқан табыста деп ойлайсыз ба? Ол неге маңдай терімен тапқан ақшасын көшедегі біреуге сарп етіп жүр?
Білесіз бе, ерлердің психологиясында олар әрдайым мадақтау есту үшін әрекет етеді. Түзден үйге келгенде бірдеңе көтеріп келсе, балаларға тәтті, сізге орамал сатып алса да ризашылығыңызды білдіріп, мақтап қоясыз ба? Сіздер үшін әрекет етіп жүргендігін бағалайтын әйелді көрген еркек тағы да одан жақсысын жасау үшін әрекет етеді. Егер әйел күйеуінің еңбегін бағаламаса, тек қана оның міндеті мен не үшін алғыс айтуым керек деп ойласа, басқа әйелден осындай мақтау естігісі келген еркек сыйлықты басқа әйелге жасайды.
Жұбыңызға сай болыңыз
Ешбір еркек арзан әйелді жақтырмайды. Барлығы да жақсы табыс табуды, сүйіп алған жарының көңілін табуды, жұбайының әрдайым әдемі болып жүргенін қалайды. Себебі, ер адамға әйелінің жүріс-тұрысына қарап баға беріледі.
Аздаған қулығыңызды өз орнымен іске қоса біліңіз
- Әдетте, бұрын-соңды мұнша көп ақшаны ұстап көрмеген қол мол қаражатты көргенде қайда жұмсарын білмей қалады. Мұндайда, әйелдің ептілігі аса қажет. Егер мұндай әйел болмаса, өз пайдасын ойлайтындар көшеде де жетіп-артылады. Күнде көңіл көтеру, айналасында пайда болған достар, «сұлу бикештер» көбейе береді.
- Егер сізді күйеуіңіз бір жерге барып, тамақтанып келуді ұсынса «жоқ, одан да сол ақшаны маған бер. 5-6 килограмм ет алсақ, бір ай жейміз» деп шақырудан бас тартпаңыз. Өйткені, еріңіздің өзіне деген сеніміне селкеу түсіріп аласыз.
- Егер оның солақай жүрістерін байқасаңыз, жылдам әрекетке көшіңіз, күйеуіңіздің табысын өзге әйелдерге емес, өзіңізге жұмсалуын қамтамасыз етіңіз.
- Курстарға жазылыңыз, тіл үйреніңіз, үй-жайыңызды тәртіпке келтіріңіз, көлік айдауды білсеңіз көлік алыңыз, ескісін сатып, орнын жаңамен алмастырыңыз, айта берсек, көп қой. Бастысы, орнын табатын жеріне жаратыңыз.
- Күйеуіңізді айыптап, оның теріс жүрісіне қапаланып отырмай, мойын бұра алмайтындай етіп ақшасын пайдалы істерге жұмсаңыз. Сіз бұл қылығыңызбен күйеуіңізді де тамсандырасыз. Өйткені, өзіне сенімді, әрекетшіл әйелі бар еркек басқаға мойын бұрып қарамайды.
Шүкір етуді ұмытпаңыз!
Әйелдердің арасында күйеуінің қылықтарынан мезі болғандары «Бұдан гөрі табыс таппағаны жақсы еді» деген пікірлер де айтылып жатады. Бұл - шүкірсіздік. Адам барына шүкір етіп, жоғына сабыр етсе өмірі шуаққа толары сөзсіз.
А. Сәрсенбаева
Өміріңізді ТЫНЫШТЫҚта өткізуді қаласаңыз 7 ШАРТты орындаңыз!