«Жақсы бала» тәрбиелеу – ата-аналардың үлкен қателіктерінің бірі.
Ата-аналар бала тәрбиесінде жиі жіберетін қателердің бірі – «жақсы бала» тәрбиелеу. Әңгіме ақылды, қабілетті, өзіне сенімді, өз жауапкершілігімен қоса өз шекарасын да білетін, өзін қорғай алатын, жақсы мен жаманды шын ажырата білетін бала туралы емес. Сөз басқалардың оң бағасына тәуелді, өзгелерге жағу үшін бәрін жасайтын, біреуді ренжітіп қоям ба деген қорқынышпен көп нәрседен аяқ тартатын, өзі туралы «жақсы» деген пікірді есту үшін жанын беретін болашақ ересек адамдар жайында. Мұндай «ЖАҚСЫ БАЛА» – бәріне ыңғайлы, жайлы бала. Бірақ өзіне жайлы емес...
Әрине, баланың тілалғыш, сөз қайтармайтын, бұзықтық жасамайтын, еркелемейтін, қырсықпайтын, ыңғайлы да жайлы болуы, бірінші кезекте, ата-аналардың өздері үшін жақсы. Өздері үшін ыңғайлы. Сондықтан да баласын «жақсы» етіп тәрбиелеуге тырысады. Бірақ, кейін бұл ісі үшін бір емес, бірнеше рет өкінетін болады. Өйткені...
«Жақсы бала» үлкендердің бәріне ұнайды. Балабақшадағы тәрбиеші де, мектептегі мұғалім де, басқалар да оны мақтайды. Себебі ол бәрінің айтқанын тыңдайды, дегенін жасайды, сөз қайтармайды, ешкімді ренжітпейді. Бірақ, түптің түбінде өз жүрегінің үнін тыңдамайды, өз дегенін жасамайды, өз пікірін, сөзін қорғамайды, өзін ренжітеді.
«Тамағыңды тауысып ішіп қой» деген бұйрықты бұлжытпай орындап үйренген бала өскенде өзінің тамақтануға қатысты қалауларын ескермейді, талғамын қалыптастыра алмайды, мөлшерін білмейді. Олар ас-тағамды қорек, құнар, дәмнен ләззат алу үшін емес, жай ғана тауысып ішіп қоюға тиіс болғандықтан ішеді. Мұның соңы артық тамақтану, семіздік, басқа да ауруларға дейін жеткізуі әбден мүмкін.
Жасөспірім, бойжеткен шақтарында ешкімнің бетін қайтармайтын, ешкімді ренжітпейтін, «жоқ» деп айтуды білмейтін «жақсы балалар» жаман пиғылды адамның қақпанына тез түседі. Себебі, ол қарсыласуды, біреудің қалауынан өз еркін, сезімін, интуициясын жоғары қоюды білмейді.
«Жақсы балалар» әркімнен сөз естіп жүрсе де, әділетсіздікке тап болса да үндемейді, бас көтермейді. Себебі, оларға «Үлкенге қарсы сөйлеме!», «Жаман сөз айтпа!», «Үндемесең, жеңесің» дегенді мықтап үйретіп қойған.
«Жақсы балалар» сабақты беспен оқуға, барлық жерде үздік, жеңімпаз болуға барын салады. Себебі, ата-анасы олардан тек осыны күтеді, басқаша нәтижені қабылдай алмайды. Тек үздік болғанда ғана ол мақтау естиді, өзін сүйікті сезінеді. Салдарынан әлемдегі барлық адамның өзіне беретін бағасына тәуелділік қалыптасады. Ол баға жоғары болуы үшін барын да, жанын да беруге, бүкіл уақыты мен күшін сарп етуге бар.
«Жақсы балалар» өте төзімді, сабырлы, шыдамды. Жақсы адам тек қана осындай болуы керек деп ойлағаннан олар көп нәрсеге көз жұма қарайды. Өзін керек етпеген адамның жанында ұзақ жүреді, әйтеуір бір күні назары түсер деп. Жанын ауыртқан адамға жанайқайын айтпайды, бір күні өзі түсінер деп. Зиянын тигізген зиянкестен алшақтамайды, қандай да бір құны жоқ, болмашы байланыс үшін.
«Жақсы бала» өзінен басқалардың бәріне қамқор, бәріне көмектеседі, бәрін құтқарады. Осындай ыңғайлы адам тұрғанда, айналасынан оны өз ығына қарай жыққысы келетін адамдар, әрине, табылады. Осылайша сіз «жақсы бала бол» деп тәрбиелеген перзентіңіз үйге киетін сүйретпе тәпішкеге айналып кетеді. Ол – жұмсақ, жылы, жайлы. Кім болса сол қалағанынша киіп кетіп, сүйретіп жүреді. Керек емес кезде шешіп кете береді. Ересек баласының жұртқа жем болатын жұмсақ адам, жүндеуге жақсы жуас түйе болып жүргенін көру қай ата-ана үшін де ауыр. Жүрек сыздатады. Бірақ, мойындау керек, бұл – өз тыйымдарының жемісі, өзі құйған қалып.
Осы жағдайлардың алдын алу үшін бала тәрбиесіне біршама жаңашылдықтар енгізуге қалай қарайсыз?
- Балаңызға бірдеңе айтар алдында өз пайдаңызды емес, оған келетін пайданы көбірек ескеріңіз. Қанша жерден өзіңізге ыңғайсыз, қиындау болса да. Біреулердің көңілінен шығуды емес, бірінші кезекте өзінің мүддесін ойлауды осылай ғана үйретуге болады.
- Бәріне ұнау, қарсы келмеу, ренжітпеу, мойынсұну схемасын бұзыңыз. Балаңызға қай кезде болмасын, қай жауапты айтса да, өз еркі екенін ескертіп отырыңыз: «иә» немесе «жоқ».
- Өзіне ұнамаған, өзі қаламайтын жайттар тұсында өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беріңіз. Қарсылықты өзгелерге қатты зияны тимейтіндей, конфликт орнамайтындай, тиімді жеткізу жолдарын, ойын тік әрі ашық айтуды үйретіңіз.
- Ашулану, жылау, қырсығу, қарсы сөйлеу, ұрысу сияқты жағымсыз эмоцияларын сыртқа шығаруына рұқсат беріңіз. Оларды басқаруды үйретіңіз. Өйткені, өмірде мұндай эмоцияларды да іске қосу қажеттілігі туындайтын қиын-қыстау, сындарлы сәттер болмай тұрмайды. Сондай сәттерде жеке шекарасын қорғауына көмектеседі.
Басқалар үшін ыңғайлы болуға тырысу – өмір бойы арқалап өтуге тура келетін ауыр жүк. Оны сілкіп тастап, жеңілдей салу да оңай емес. Сондықтан, ұл-қызыңызға бала кезден мұндай ауыр жүк артпай өсірген жөн.
Дайындаған: А.Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: