ЕНЕ мен КЕЛІН: екі оттың ортасында қалған ЕРКЕК қайтеді?

0
4 436

Бір үйге сыйыса алмай ма, бір асхананы бөлісе алмай ма, басқа бір себеп пе...


ЕНЕ мен КЕЛІН: екі оттың ортасында қалған ЕРКЕК қайтеді?

иллюстрациялық фото: limon.kg

Ене мен келіннің ерегісте өмір сүруі – арамызда бар шындық. Барлық отбасыда емес, әрине. Бір үйге сыйыса алмай ма, бір асхананы бөлісе алмай ма, басқа бір себеп пе...

Әйтеуір үйдің берекесін келтіріп отыруға тиіс екі кісі тіл табыса алмай, керісінше берекені қашырып жүреді. Кейбіреулері келіспеушіліктерін жасырып-жабуға тырысса, енді біреулерде ашық та жария соғыс секілді.


Бұл жағдайдың отбасына тигізер кері әсері көп. Әсіресе, бірінің алдында перзенттік, екіншісінің алдында жұбайлық парызы бар ер-азамат үшін. Анасы мен жарының жарастықта өмір сүре алмауы, ең алдымен, күйеулерді есінен тандырады. Көбіне күйеулер «не істесеңдер де, өздерің біліңдер, мені араластырмаңдар» деп, «соқыр, мылқау, танымас тірі жан» образына кіреді. Бірақ бұл әдіс барлық жағдайда бірдей дұрыс бола бермейді.

Егер сіз де сондай екі «ОТтың» ортасында қалған еркек болсаңыз, берірек келіңіз. Күйіп қалмай тұрғанда кеңес тыңдап, жағдайды өз қолыңызға алыңыз. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығудың амалын айтамыз. Мұқият оқып, көкейге тоқыңыз.

Ең алдымен, ешқайсымен жақын қарым-қатынасы жоқ бейтарап адам кейпіне еніңіз. Сөйтіңіз де екі жақтың «арызын» тыңдаңыз. Анаңыз келінінен не талап етеді? Келіншегіңізге не керек? Екеуіне не жетпейді? Мұны білу үшін әрқайсысын алдыңызға шақырып, арнайы сұрақ қою қажет емес. Бар болғаны олардың «әңгімесіне», күңкіліне құлақ түру жеткілікті.

Енді естігеніңізге естияр, саналы адамша анализ жасаңыз. Басты мақсат – анаңыз бен әйеліңіз арасындағы келіспеушіліктің түпкі төркінін табу. Ары қарайғы әрекетіңіз осыған тікелей байланысты.


Таразы басын тең ұстай аласыз ба?

Ене мен келін ерегісі анаңыздың сізге деген шексіз махаббатының қызғанышқа ұласуынан болуы ықтимал. Бұл көбіне ұлын жалғыз өсірген не жалғыз ұл өсірген аналарда болатын сезім. Осыған дейін екеуі ғана болған әлемге үшінші адам келіп, тыныштығын бұзды. Содан бері ұлының махаббаты, уақыты, назары екіге бөлінді не толығымен басқа бағытқа бұрылды. «Өмірімнің мәні – жалғыз балам» деген анаға бұған көндігу қиынға түседі.

Келесі жағдай: келін – оқыған-тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, көзқарасы, пікірі қалыптасқан, тәуелсіз тұлға. Ол өз шекарасын қызғыштай қориды. Ал, «келін қайынжұртқа қалтқысыз қызмет етуі керек, отбасы үшін өзін құрбандыққа шалуға тиіс» деген ескі көзқарастағы ана онымен келіскісі келмейді. Себебі, өзі заманында дәл солай құрбандық болған. Келінінен де соны талап етеді.

Қартайғанда адам бала болады дегенді естуіңіз бар болар? Рас тұжырым. Ата-аналар жасы ұлғайған сайын ұл-қызынан бұрынғыға қарағанда көбірек қамқорлық күтетіні, көңіл бөлгенін қалайтыны ақиқат. Сондықтан, анаңыз даусын қатты шығарып, келінге қатқыл сөйлесе, бұл өзіне назар аудартқысы келгеннен болуы әбден мүмкін. Бұған көніп, бар уақытын, күшін ата-ананың батасын алуға арнайтын келіндер бар. Ал енді біреулер ата-ененің айтқанымен жүргісі келмейді. Жас кезінде өмірдің қызығын көргісі келеді. Немесе бойда қуаты барда жұмыс істеп, табыс табуға ұмтылады.



Бұл жағдайларда ене мен келіннің екеуін де айыптауға келмейді. Мәселе олардың сезіміне, ішкі меніне, тұлғалық танымдарына байланысты. Әрқайсыныкі өзінше дұрыс. Сондықтан, мұндайда ең абзалы – мән бермеген кейіп таныту. Бірақ бұл мүлдем мән бермеңіз деген сөз емес.

Анаңызды да, жарыңызды да жақсы көретініңізді, екеуін тең санайтыныңызды іспен көрсетіңіз. Екеуіне бірдей сыйлық ұсыныңыз, бірдей жақсылық жасаңыз, бірдей көңіл бөліңіз. Анаңыздың алдында перзенттік парызды қаншалықты орындасаңыз, жарыңыздың алдындағы жұбайлық парызды да соншалықты деңгейде арқалаңыз. Бірін алға оздырып, екіншісін артта қалдырмаңыз.

Сіздің татулықты ту етуге тырысып жатқаныңызды түсінген, сезген кезде өздері-ақ сабасына түседі.


Айыптыны тапқаннан кейінгі амал...

Егер екеуінің ұрыс-керісінде қайсыбірінің кінәлі екенін сезсеңіз, оны мойындаудан қашқақтамаңыз. Әдетте балаларға өз ата-анасының қателігін қабылдау, мойындау қиынға түседі. Әр бала үшін ана – ең аяулы, идеал адам. Әйтсе де, бұл оның қателесуі мүмкін емес дегенді білдірмейді. Келінге күн бергісі келмей жүрген – анаңыз болуы әбден мүмкін. Айып келіннен болса, сүйіп, таңдап алған жарын қорғаштау мақсатында қатесіне көз жұму да ер-азаматқа жараспайтын іс. Кінәліні қорғаштау жағдайды одан әрі ушықтырады. Кімнің де болсын қателесуі мүмкін екенін мойындап, әділ шешім шығарыңыз.

Есіңізде болсын, кімнің кінәлі екенін анықтасаңыз да, оған барып дүрсе қоюға асықпаңыз. Анаңыз бен әйеліңіздің екеуі де тұрған жерде ешқайсын жақтап, ешбірін даттамауға тиіссіз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені айдан анық болса да. Қайсысына не айтсаңыз да, жеке сөйлесіп, ойыңызды оңашада ұқтырыңыз.


Егер айып анаңыздан болса, ашық сөйлесіп, жұмсақ түрде жеткізіңіз. Келінін мүлдем қабылдағысы келмесе, бөлек тұруға қалай қарайтынын сұраңыз. Бұл ұсыныс қорқыту, бопсалау үлгісінде емес, ақылдасу, кеңес сұрау формасында айтылуға тиіс. Анаңыз мұны қабылдамаса, келіні екеуінің арасындағы мәелені басқаша қалай шеше алатындарыңызды өзінен сұраңыз. Ол кісінің ұсынысына өз пікіріңізді білдіріңіз. Мәселен, ең жаман нұсқа ананың «ажырас, басқа әйел ал» деуі. Мүмкін ғой? Олай десе, сіз де ажырасуға лайық себеп жоқ екенін, анаңызды қалай жақсы көрсеңіз, әйеліңізді де солай жақсы көретініңізді айтыңыз. Бәрі де өзіңіздің сөйлеу, тіл табысу шеберлігіңізге байланысты.

Егер, кінә келінде болса, әйеліңізбен сырласыңыз. Оған анаңызды қалай сыйлайтыныңызды, қаншалықты жақсы көретініңізді, анаңыз үшін неге даяр екеніңізді ұқтырыңыз. Анаңызды ренжітсе, өзін қандай жаза күтуі мүмкін екенін сіздің аузыңыздан естімесе де, іштей сезінсін.


Әрине, өмір болған соң жағдай да түрліше, адамдар да сан алуан. Сондықтан да өмірді сүрудің, отбасы болудың айқын формуласы жоқ. Әркім өзі үшін дұрыс формуланы өзі ойлап табады. Біз ой тастадық, қорытынды өзіңізден болсын.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


"КОРОНАКРИЗИС": Жоғары сынып оқитын балаға КӨМЕГІҢІЗ КЕРЕК