​ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРБИЕ: балаға АҚША беруде ұстану керек 6 ЕРЕЖЕ

0
167

«Енді аш жүре ме?» деп қалтасына қайтадан ақша тықпаламаңыз.


​ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРБИЕ: балаға АҚША беруде ұстану керек 6 ЕРЕЖЕ

Сурет: ЖИ

Қазақ қоғамында балаға қаржылық тәрбие беру мәселесі ұзақ уақыт бойы ашық айтылмайтын. Тіпті «баланың ақшада шаруасы болмасын» деген ұғыммен шектеліп келгені жасырын емес. Үлкендердің балаға сүйіншілеп «байғазы» деп немесе «атасының тиыны» деп ақша ұстатуы бағзыдан бар дәстүр. Дегенмен қолына ұстатқан ақшаны жұмсауды, жоспарлауды үйрету жағы кенжелеп жатады.

Бүгінгі таңдағы шектен тыс тұтынушылық пен «жұрттан қалмайын» деген бәсекелестік, тұтынушылық кредиттердің көбеюі әрбір отбасынан қаржылық сауаттылықты талап етіп отыр. Баланы кішкентайынан ақшаның құнын білуге, оны дұрыс басқаруға үйрету оның келешекте біреуге телмірмей, өз бетінше дербес, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуының негізі. Батыстың қаржылық ережелерін ұлттық менталитетімізбен ұштастыра отырып ұсыну бүгінгі қазақ отбасы үшін өте өзекті мәселе.


1. Балаға өзі жұмсайтын қалта ақшасын беру

Бұл баланың жасына байланысты. Бастауыш сыныптағы бала әлі көшеде жалғыз жүрмейді, сондықтан оған жеке ақшаның аса қажеті де жоқ, оны жұмсайтын жер де аз. Әсіресе қазір мектептерде арнайы төлем карталары бар. Ал есейген сайын баланың қолында өз ақшасы болғаны дұрыс. Бұл оны ақшаны жоспарлап жұмсауға үйретеді.

10–11 жастан бастап балаға ақшаны апта сайын берген тиімді. Мысалы, күніне 500 теңгеден есептесек, аптасына бірден 3500 теңге беріңіз. Содан соң бала ақшасын реттеп, қажеттілігіне қарай жұмсауды, кейінгі күндерге есеппен сақтауды үйренеді. Егер ол апталық ақшаны дүйсенбіде-ақ жұмсап тастаса, бірден ұрсудың қажеті жоқ. Бұл — оның өз таңдауы және өмірден алуға тиіс сабағы.

Сондай-ақ, «Енді аш жүре ме?» деп қалтасына қайтадан ақша тықпаламаңыз. Олай етсеңіз, бала ештеңеге үйренбейді. «Ата-анам бәрібір береді» деген оймен, жоспарлауды үйренгісі де келмейді. Аптаның аяғына дейін бермеңіз.

Бұндай тәжірибені 20–25 жаста емес, бала кезде өткерген дұрыс. Ересек адамның айлық алған күні-ақ бүкіл ақшасын құртып жібергені өте өкінішті. Олай болмас үшін, ақшаны дұрыс бөлуді уақытында үйренген абзал. Анасы баласына өмір бойы көмектесіп жүре алмайды, әйтпесе ол ешқашан есеймейді.


2. Үйдегі қаржылық мәселелерден шеттетпеу

Балаға балабақша жасынан-ақ ата-ананың міндеттері бар екенін түсіндірген пайдалы. Тіпті кішкентай балаға да басы артық ойыншықты әпермейтініңізді, себебі алдымен пәтерақыны, жарықты, телефон мен интернетті төлеу, тамақ алу керек екенін айтқан дұрыс. Осылайша бала ең алдымен бірінші кезектегі маңызды шығындар болатынын, ал қалған нәрселер содан кейін ғана алынатынын түсінеді.

Балаға маңыздылық түсінігін жеткізіңіз. Ойыншық немесе тәтті жеу – ең басты нәрсе емес, ал мультфильм көру, қол жуу үшін үйде су мен жарықтың болуы маңызды. Осындай нәрселерді салыстырмалы түрде, баланың тілінде қарапайым етіп түсіндіру керек.

Сонымен қатар ата-ананың мойнында ипотека бар болса, ол туралы да айтуға болады. «Айлықтың белгілі бір бөлігін банкке беруіміз керек, әйтпесе банк бізді үйден шығарып жібереді» деп түсіндіріңіз. Бала ақша өздігінен пайда болмайтынын түсінуі тиіс.

Бірақ мынадай нәзік шекара бар – тұрмыстық мәселелерді үлкен қиындық ретінде көрсетпеңіз. «Сені қыдыртқанымыз (ойыншық алғанымыз, т.с.с.) үшін енді міне, ақшамыз таусылып қалды (несие төлеуге жетпей қалды, т.с.с.)» деуге мүлдем болмайды. Қаражатты орынды жұмсау, сауатты тұтыну тек ата-ананың жауапкершілігі. Баланы мұндай жүкпен шаршатуға болмайды, әйтпесе оның ақшаға, өмірге деген теріс көзқарасы қалыптасады.

Ал бала есейгенде өз бетінше ақша тапқысы келсе (мысалы, 14 жаста газет тарату, ит серуендету сияқты жұмыстар жасаса), оны қолдаған дұрыс. Бірақ ешқашан одан «енді табыс тауып жатырсың, үйдің шығындарын өтеуге ақша қос» деп талап етпеңіз. Ипотека, несие, базалық қажеттіліктер, тұрмыстық шығындар – бәрі тек ата-ананың міндеті.


3. Жақсы баға, үйдегі көмек үшін ақша төлемеу

Әр шаңырақта әркімнің өз міндеті бар. Анасына тамақ пісіргені үшін, ал әкесіне сөре шегелегені немесе қоқыс шығарғаны үшін ешкім ақша төлемейді. Егер ата-анасы баласынан өз бөлмесін жинауды өтінсе, бұл оның міндеті. Отбасының игілігі үшін жасалатын еңбекке ақша төленбеуі тиіс.

Ал отбасынан тыс жердегі еңбек үшін ақша төлеуге болады. Мысалы, өз итіңізді серуендеткені үшін ақша берудің керегі жоқ, ал көршінің итін серуендеткені үшін ақша алуы әбден орынды. Себебі бұл отбасылық міндет емес, қосымша жұмыс.

Кейбір ата-аналар мұндай жұмыс үшін ақша алуды ұят көріп, баласына тегін жасауды ұсынады. Мұндай көзқарас бала ересек өмірге қадам басқанда өз еңбегі үшін ақша алуға ұялатын болып өсуіне әкелуі мүмкін.

Бағаға келетін болсақ, басында жақсы баға үшін ақша төлеу нәтиже беріп, баланы ынталандыратын сияқты көрінеді. Нашар оқып жүрген бала ақша үшін ұмтылып, жақсы баға алуға тырысады. Бұл оның құлшынысын арттырады. Проблемалар басталғанда (себебі барлық пән бәріне бірдей оңай берілмейді) баланың салы суға түсіп, бұл жүйе тығырыққа тірейді.

Егер сіз әр «бестік» үшін 500 теңге беріп, «үштік» үшін 300 теңге қысқартып отырсаңыз, бала «қателесуге құқығым жоқ» деп ойлап, күйзеліске ұшырайды. Ақырында оның оқуға деген ынтасы мүлдем жоғалады.

Егер балаға баға үшін ақша төлегіңіз келсе, оны «стипендия» түрінде жасаған дұрыс. Оған әр баға үшін емес, тоқсанның немесе жарты жылдың қорытындысы бойынша қаржылай сыйақы беріңіз. Мұндай жағдайда баланың қателікті түзетуге мүмкіндігі болады: жаман баға алып қалса да, оны жақсартуға уақыты бар екенін түсінеді.


4. Ертегілердегі қаржылық тақырыптарды бірге талқылау

Егер балаңыз: «Анашым, қарашы, балалар жай ғана қыдырып жүріп, жер астына жасырылған қазына-байлық тауып алды. Қандай керемет!» десе, бұл туралы онымен сөйлескен өте маңызды. Оған мұның тек ертегі екенін, өмірде олай болмайтынын түсіндіріңіз. Көп еңбек етіп, табысқа жеткен нақты адамдарды, достарыңыз бен таныстарыңызды мысалға келтіріңіз. Бұған ата-ананың өзі де жақсы үлгі бола алады.

Мектеп жасындағы балаға мұндай ертегілердің неліктен пайда болғанын айтып беруге болады. Бұл ертегілерді кедей тұрған халық ойлап тапқан. Ол кезде байлар халықты қанаушы, жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетілген. Сондықтан қарапайым шаруалар: «Шіркін, ғайыптан тайып мол қазына тауып алсақ қой, бүкіл тілегіміз орындалар еді!» деп қиялдаған. Бұл тек ауыз әдебиеті, оның қазіргі өмірге қатысы жоқ.

Қазіргі қоғамда кедей отбасынан шықсаң да, тырысып, жақсы білім алып, еңбек етсең, үлкен жетістікке жетуге болады. Балаға осыны айтып, оны білім алуға, адал әрі табысты жұмыс істеуге бағыттау керек.


5. Жасөспірімді жаман әдеттерден ақша беріп тыюға тырыспау

Бұл жағдайды ересек өмірмен салыстырып көріңіз: сізге темекі шекпегеніңіз үшін ақша төлесе, бұл жұмыс істей ме? Сіз темекіні денсаулыққа зиян болғаны үшін емес, ақша төлеп жатқаны үшін қоясыз ба? Әрине, жоқ!

Жаман әдеттен арылу үшін ішкі ынта мен саналы түсінік керек. Адам белгілі бір заттан неліктен бас тарту керектігін өзі түсінуі тиіс. Оның себебі ақшалай сыйақы болмауы керек.


6. Есейген балаға бастапқы қадам ретінде баспана алып беру

Егер ата-ананың мүмкіндігі болса, балаға қала шетінен немесе қала маңынан шағын, бір бөлмелі пәтер алып беруге болады. Уақыт өте келе оның жағдайын жақсартқысы келетіні табиғи заңдылық. Ал бұл пәтер болашақта үлкенірек, жайлырақ үйге ауысу үшін бастапқы капитал болады.

Тағы бір жақсы нұсқа – ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге көмектесу. Көптеген ата-аналар баласын бірден қымбат үймен және сәнді көлікпен қамтамасыз етуді армандайды. Егер бәрі дайын болса, баланың алға ұмтылуға, дамуға деген ынтасы жоғалып кетпей ме? Осы жағын ойлану керек. Ештеңеге ұмтылмай қалған жастардың мысалы өмірде өкінішке орай аз емес.

Қазақша тәрбиенің негізі – баланы бауырмалдыққа, жомарттыққа және үлкенді сыйлауға баулу. Дегенмен, қазіргі заман талабы бұл асыл қасиеттерді нақты қаржылық сауаттылықпен толықтыруды қажет етеді. Балаға қалта ақшасын сеніп тапсыру немесе үйдегі бюджеттің қалай бөлінетінін түсіндіру оны еркелету емес, керісінше, ересек өмірдің жауапкершілігіне баяу бейімдеу. Баламыздың келешекте «несиеден несиеге» күн көретін масыл емес, өз қаржысын дұрыс жоспарлай алатын, адал еңбегімен табыс табатын тұлға болып өсуі бүгінгі берген дұрыс бағыт-бағдарымызға байланысты. Отбасылық құндылықтар мен қаржылық сауаттылықты қатар алып жүрсек, өз бетінше шешім қабылдай алатын тәуелсіз ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«СЕНДЕР ӨМІРІМДІ ҚҰРТТЫҢДАР»: баланың ренішіне ата-ана қалай жауап бергені жөн?