Қалай ТЫЙЫМ саласыз?
Сурет: ЖИ
Жасөспірім қыздардың арасында үлкендерше макияж жасау, шашын қызылды-жасылды түстерге бояу, кірпік жалғату және мата маскаларын (sheet masks) қолдану жаппай сәнге айналды. Әлеуметтік желілердегі «beauty-блогерлердің» ықпалымен жас арулар ерте есеюге асығады.
Жеткіншек қызы сұлулыққа қатысты қалауларын айта бастағанда, ата-аналар екіге бөлінеді. Біреулер үзілді-кесілді қарсы болып, қызының көз жасына қарамастан тыйым салады. Енді бір топ «Қызығып, қалап тұрса, жасап көрсін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өсе келе қызығушылығы басылып, өзі-ақ бас тартады» деген пікірде. Сіз қай топтансыз? Кімдікі дұрыс?
Бұл жастағы қыздар «әдемі болу үшін» ғана емес, құрбыларының арасында артта қалмау және «мен үлкенмін» деп есептелу үшін боянады. Бұл – қалыпты психологиялық процесс. Сондықтан психологтар бұл кезеңде баланың табиғи талпынысына бас-көз жоқ тыйым салуды құптамайды. Алайда, әлі толық қалыптасып үлгермеген, өсіп-қалыптасу кезеңіндегі ағзаға зияны болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Дұрысы – «Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындымайтын» жолды, алтын ортаны табу. Ұрыспен, үстемдікпен тыйып тастаудан көрі, мәселенің медициналық және психологиялық жағын ұқтыру маңызды. Дерматологтар мен психологтардың зерттеулеріне сүйене отырып, қандай зияны болуы мүмкін екенін айтамыз. Сіз – перзентіңізге түсіндіріп көріңіз.
Бет күтіміне арналған мата маскалары
Мата маскалар зиянсыз көрінгенімен, 10-15 жаста оларды бейберекет қолдану қауіпті. Бұл жастағы баланың терісі өте нәзік. Гормоналды өзгеру кезеңінде тері майлылыққа және акнеге, безеуге бейім келеді. Үлкендерге арналған маскалардың құрамындағы белсенді қышқылдар (ретинол, С витамині, AHA/BHA қышқылдары) жас терінің табиғи қорғаныс қабатын бұзып, аллергия, дерматит немесе безеудің өршуіне әкеледі.
Ата-анаға кеңес. Қызыңызға жасына сай емес өнімді сатып алып бермеңіз. Мата масканың орнына теріні дұрыс тазартуды (жууға арналған жұмсақ көбік) және күннен қорғайтын крем (SPF) қолдануды үйретіңіз. Егер маска алғысы келсе, құрамы тек гиалурон қышқылы мен түймедақ сығындысынан тұратын немесе «Teenager lines» («жасөспірімдерге арналған») белгісі бар өнімдерді таңдаңыз.
Шаш бояу және кірпік жалғату
Шашты ашық-жарқын түстерге бояу немесе кірпік жалғату – өзін-өзі көрсетудің бір жолы. Бірақ бұл жол химиялық қауіпке толы. Шаш бояуларының құрамындағы аммиак пен сутегі асқын тотығы жас шаштың құрылымын бүлдіреді және бас терісін күйдіруі мүмкін. Ал кірпік жалғауға арналған желімнің құрамындағы формальдегидтер көзге аллергия беріп, табиғи кірпіктің түсуіне, тіпті көз инфекцияларына әкеледі.
Ата-анаға кеңес: Шашты тұрақты бояумен бояуға үзілді-кесілді тыйым салыңыз. Балама ретінде тон беретін сусабындарды (тоник) немесе жуғанда кетіп қалатын арнайы түрлі-түсті борларды (hair chalk) ұсыныңыз. Кірпік жалғаудың орнына кірпікті қайыратын құрал (керлер) мен мөлдір бекіткіш гель алып беріңіз.
Маникюр мен шеллак
Ұзын тырнақтар мен гель-лак (шеллак) – мектеп жасындағы қыздардың тағы бір құмарлығы. Бұл сұлулық процедуралары тырнақ пластинасын жұқартып жібереді. Ал 15 жасқа дейінгі баланың тырнақ пластинасы онсыз да жұқа әрі жұмсақ. Өйткені әлі толық қалыптасып үлгермеген. Гель-лакты кептіретін ультракүлгін (UV) шамдар және аппаратпен тазалау тырнақ тамырын) зақымдауы мүмкін. Бұл тырнақтың өмір бойы қисық немесе әлсіз болып өсуіне әкеп соқтырады.
Ата-анаға кеңес: Қызыңызға тырнақты сау әрі таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіріңіз. Бірге сұлулық салонына барып, «балалар маникюрін» жасатыңыз. Мұнда тырнақты егеп, пішін береді және құрамы қауіпсіз, сумен шайылатын лак жағады. Шеллакты тек 16 жастан асқан соң ғана жасатуға болады.
Сапалы косметика алып беріңіз
Мүлдем тыйым салсаңыз, қызыңыз арзан, сапасыз, мерзімі өткен косметиканы жасырын алып қолданады. Одан да өзіңіз бірге барып, жасөспірімдерге арналған табиғи құрамды жеңіл косметика (мәселен, опа орнына ерін бальзамы, ұнтақ орнына жеңіл BB-крем) таңдап беріңіз.
Сұлулықтың басқа қырын көрсетіңіз
Қызыңызға оның табиғи сұлулығы (күлкісі, шаш жылтыры, таза терісі) бояусыз-ақ керемет екенін жиі айтыңыз. Өзіне деген сенімділікті тек сыртқы келбетпен емес, біліммен, өнермен, спортпен байланыстыруға көмектесіңіз.
Әлеуметтік желідегі контентті бірге талқылаңыз
Жасөспірімдердің сұлулық туралы түсінігінің көп бөлігі TikTok, Instagram және YouTube арқылы қалыптасады. Алайда әлеуметтік желідегі көптеген суреттер мен видеолар сүзгілердің (фильтрлердің), кәсіби жарықтың және өңдеу бағдарламаларының көмегімен жасалатынын балалар әрдайым біле бермейді.
Қызыңызбен бірге әлеуметтік желідегі контентті талқылаңыз. Көрген дүниесінің бәрі шынайы өмірде басқаша болуы мүмкін екенін түсіндіріңіз. Оған өзін блогерлермен немесе модельдермен салыстырмауға, өз ерекшелігін бағалауға көмектесіңіз.
Өз денесін құрметтеуге үйретіңіз
Жасөспірім шақта бала сыртқы келбетіне сын көзбен қарай бастайды. Бұл кезеңде ата-ананың бір ауыз сөзі оның өзін-өзі бағалауына қатты әсер етуі мүмкін. Қызыңыздың сыртқы келбетін жиі сынаудың орнына, оның денсаулығын, тазалығын және ұқыптылығын мақтап отырыңыз. Бұл оның өзін қабылдауына және артық комплекстердің қалыптаспауына көмектеседі.
Сұлулық туралы шешімді бірге қабылдаңыз
Тыйым мен еркіндіктің ортасынан жол табудың ең тиімді тәсілі – келісімге келу. «Жоқ, болмайды!» деп бірден кесіп айтқаннан гөрі, қызыңызбен бірге ереже құрыңыз. Мысалы, мектепке жеңіл макияж ғана жасауға болады, ал мерекелік шараларда сәл жарқын образ таңдауға рұқсат беріледі. Мұндай тәсіл сенімді қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі.
Өсіп келе жатқан қыз баламен тек бұйрық тілінде сөйлеспей, сырласы ретінде әрекет етіңіз. Сұлулық әлемді құтқарады, бірақ ол сұлулық ең алдымен денсаулық пен табиғилықта екенін ұмытпаған жөн.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Балаға ЖҮЗУДІ қалай үйрету керек: БАПКЕРДЕН бірнеше кеңес


