Өзіңді ДАМЫТУдың қарапайым ғана 5 ҚАДАМЫ

0
1 135


Өзіңді ДАМЫТУдың қарапайым ғана 5 ҚАДАМЫ

Көптеген жандар өзіңді дамытудың жоспарын қалай құру керек және оның не үшін қажет екенін біле бермейді. Мұндай жоспардың көмегімен мақсатты анық етіп қойып, соған жетуге болады. Ол жоспарға не енгізетініңді асықпай ойланып, шын мәнінде не қалайтыныңды анықтап алу керек.


Бірінші қадам: Қажеттілік

Бұл сатыда нақты не өзгертетініңді анықтау керек. Себебі келесі қадамды жасау осыған байланысты болмақ. Қандай мақсатты жүзеге асыра алатыныңды түсіну керек. Мұндай кезде үлкен мақсаттар жоспарлаудың қажеті жоқ. Ол мақсатқа жету жолында сүріп кеткен жағдайда қайта баяғы қалыпқа түсіп, кейін мүлде өзгеруге деген қызығушылық кетіп қалуы мүмкін. Өзіңді дамытуды біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырған жөн. Мысалы көп ұйықтағанды жақсы көрсең, бірден ұйқының бірнеше сағатын алып тастамай, алдымен таңертең ерте тұрудан бастау керек.


Екінші қадам: Түсіністік

Әдет пен мінезді өзгертіп бастамас бұрын мұның не үшін қажет екенін түсінген дұрыс. Бұл сатыда қандай мақсатқа жеткің келгені маңызды емес. Басты маңыздылық – ерік-жігер. Егер өзің өмір сүріп отырған жайлылықтан шығып өзгеруге дайын екеніңді сезсең, онда қорықпай келесі қадамға өту керек.


Үшінші қадам: Өзіңді тану

Мақсатты айқындап алған соң өз-өзіңді тексеріп көруің керек. Мақсатыңа жету үшін мінезіңнің оң және теріс жақтарының қайсысы көмектесе алатынын түсініп ал. Өз-өзіңді алдаудың қажеті жоқ. Қолға қағаз қалам алып, мінезіңді толық тізіп шығу қажет. Жақындарыңа немесе достарыңа да сенің мінезіңді жазып беруін өтін. Кейін өз жазғаныңмен салыстырып, қаншалықты сәйкестік бар екенін байқап көр. Бұл өзіңді жақынырақ тануыңа септігін тигізеді.


Төртінші қадам: Стратегияны жетілдіру

Алдыңғы үш қадамды артқа тастап өз мінезіңді, өміріңді өзгертуге дайын болсаң, онда жоспар құруға кіріс. Бұл сатыда достар мен жақын туыстардың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Өз күшіңді бағалауың қажет. Мысалы, егер темекі шегуді тастауды жоспарлағанда, оны бірден немесе бірте-бірте қоюдың қайсысы дұрыс екенін ойланып, сенімділік үшін оны қағазға жазып көрінетін жерге іліп қою керек. Сонда ұмытып кету деген болмайды.


Бесінші қадам: Әрекет

Бұл өзіңді дамытудың соңғы сатысы. Бұл сатыда бастысы өзіңмен жұмыс жасауды бастау. Ешқандай сылтау, кейінге шегеру болмау керек. Егер әрекет етуді бастамасаң, алдыңғы қадамдардың ешқандай мәні болмайды. Өзгеруге жасаған алғашқы қадамды еш қорықпай, қобалжымай бастау керек. Уақыт өте жоспарларды түзетіп, өзіңді жақсы жаққа қарай өзгертудің түрлі жолдарын табуға болады. Өзіңді дамытудың жоспары дамыған сайын алға қойған мақсатқа жету жылдамдайды. Өзіңді өзгертудегі басты нәрсе – ол адамның өзінің өз-өзін бағалауы. Егер адам өз күшіне сенімді болса, мақсатына тез жетеді.


Өзіңді дамыту – адамның өз-өзімен жұмыс жасауға, зияткерлік, рухани және физикалық салада дамуға, тұлғалық қабілеттерін жетілдіруге және дарынын ашуға дайын болуы. Өзіңді дамыту – кез келген уақытта тоқтата салуға болатын хобби емес. Ол үздіксіз процесс.

Кез келген курстар, жаттығулар, кітаптар немесе фильмдер қандай да бір пайдасын беріп, сізді алға қарай жылжыту керек. Әйтпесе, оларға жұмсаған уақытыңыз бекерге кетіп, алған білім мен дағдыңыз пайдасыз болғаны.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

СЫНДЫ қалай ЖЕҢІЛ қабылдауға болады?