Педофил... Балаларды қалай қорғаймыз?

0
4 457

Балалар мен жасөспірімдердердің қауіпсіздігі жайында сөз қозғалғанда ең алдымен ойға оралатын сөз - «педофил»... Ата-аналардың ойына үрей ұялататын осы сөздің мағынасы да оңып тұрған жоқ. Латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді екен. Бірақ бұл «сүйіспеншілік» өзгеше...


Педофил... Балаларды қалай қорғаймыз?

Балалар мен жасөспірімдердердің қауіпсіздігі жайында сөз қозғалғанда ең алдымен ойға оралатын сөз - «педофил»... Ата-аналардың ойына үрей ұялататын осы сөздің мағынасы да оңып тұрған жоқ. Латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді екен. Бірақ бұл «сүйіспеншілік» өзгеше...

Бүгінде бұл термин балалар мен жасөспірімдерге жыныстық құмарлығы артатын психикалық ауытқушылықты білдіреді. Мұндай ауытқушылыққа ұшыраған адамдар халық арасында (мамандардың пайымдауынша) 10 мыңнан біреу болатын көрінеді.

Бұл мақаланы жазуға соңғы уақытта болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар себеп болды. Бұл тақырыпқа келгенде кез келген ата-ананың бей-жай қалмасы анық. Ой жетегіне ерсе, баласының қауіпсіздігін ойлап талай жерді шарықтап шығады да, бойын үрей билейді. Кез келген ата-ана алаңдаулы десек те болады. Ата-аналардың алаңдауына да негіз бар, себебі, жыл сайын осынау қылмыстың саны артпаса, кеміген жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі қазір бірінші орында тұрғаны рас.

Ендеше қауіптің алдын алу мақсатында оқырмандарға педофилия дерті туралы ақпарат пен бірнеше кеңестер топтамасын жинап, ұсынғанды жөн көрдік.

Ауытқушылығы бар адамды қалай танып-білуге болады?

Мұндай адамдар кәдімгі дені сау адамдардан айырмашылығы болады деп ойлау қате. «Педофил» дегенде көпшіліктің көз алдына жүрексіз, жүзі қатыгез, масаң, үсті-басы лас адамдар елестейтін көрінеді. Сондай-ақ, қалыпты адамдар арасында өмір сүре алмайтын психикасы шайқалған адамдар деп ойлайды екен. Бірақ, бұл сенімнің алдайтыны өкінішті. Себебі, педофилдер – көп жағдайда отбасылы, өздерінің де балалары бар, тып-тыныш қана жүрген кәдімгі адамдар болатынына сену қиын. Иә, расында солай. Олар көбіне балалармен қарым-қатынас жасайтын жұмысты таңдайтын көрінеді. Ол балалармен уақытты көбірек өткізуге ыңғайлы мектеп, түрлі секциялар мен үйірмелер болуы мүмкін.

Бірақ, балалармен және жасөспірімдермен бірге көп уақытын өткізетін жандардың бәріне күдікпен қарауға болмайды ғой. Олардың барлығы да расында балалармен жұмыс жасағанды шын ұнататын адамдар және онда тұрған ештеңе жоқ. Сонда ауытқушылығы бар адамды қалай танып-білуге болады?

Оларға мұқият назар аударғанда, бойларынан мынадай белгілерді анықтауға болатын көрінеді:

  • педофилдің жасы көбіне 16-дан төмен емес, өз құрбанынан кем дегенде 5 жас үлкен болады;
  • көбіне баламен оңаша қалуға ұмтылады. Баланың ата-анасымен, қамқоршы ересектермен кездесуден қашқақтайды;
  • көбіне 14 жасқа дейінгі балалармен қарым-қатынас орнатады, оның айналасын мұқият зерттейді;
  • баланы әлдеқайда шақырады, бірақ ол жайында ата-анасына ескертпейді;
  • себепсіз сыйлық немесе ақша ұсынуы мүмкін;
  • баламен физикалық қарым-қатынаста болғысы келеді – денесіне жақындап, құшақтайды, сүйіп, тізесіне отырғызғысы келеді;
  • балаларды сырттан ұзақ бақылайды – мысалы, бірнеше күн бойы ойнап немесе шомылып жатқан балалар мен жасөспірімдерді аңдуы мүмкін;
  • педофил 13 жасына дейін басынан қатты соққы алған болуы мүмкін. Сондықтан да оның жүйке жүйесінде ауытқышылық орын алған болуы ықтимал. Соның салдарынан базалық инстинкті бұзылады. Сол себепті дені сау адамдарда баланы көргенде қорғаншылық, яғни, ата-аналық инстинкт оянса, педофилде жыныстық инстинкт бас көтереді;
  • педофилдердің басым көпшілігінде ашық немесе жасырын алкогольге тәуелділік кездеседі. Ол алкогольден уақытша «кодталған» болуы да мүмкін;
  • баламен жыныстық қарым-қатынас тақырыбында әңгіме қозғайды.

Міне, педофилия дертіне шалдыққан адамды оның сырт келбетіне қарап емес, іс-әрекеті мен оның балалармен қарым-қатынасына қарап қана анықтауға болады.

Не істеу керек?

Әлбетте, билік те қарап отырған жоқ. Педофилдерге қолданылатын заңды шаралар бар. Бірақ оған дейін жеткізбей балалар мен жасөспірімдерді ауытқушылыққа ұшыраған адамның тырнағынан қалай сақтай аламыз? Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болатын, амалсыздан мектепте оқитын балаларын қалдырып, оларды асырау қамымен жүрген ата-аналар қайткені дұрыс?

Ең дұрысы – балаларды үркітіп алмай, түсінікті тілмен ондай адамдардан қалай қорғану керектігін түсіндіру.

Балалар міндетті түрде қарапайым қауіпсіздік ережелерін, көшеде жүру тәртібі мен бөтен адамдармен қандай білуі тиіс. Тек біліп қана қоймай, мұндай ережелерді не үшін сақтау керектігін де жете түсінуі қажет. Бұл баланы тек жыныстық еміншіліктен ғана емес, басқа да кездейсоқ жағдайлардан сақтануды қамтамасыз етеді.

6-7 жастағы баланы кез келген ересек адамға имандай сенетіні белгілі. Ол ғана емес, мамандардың айтуынша, үйінде тым қатаң тәрбие көрген, үлкендер ортасында ойын ашық айта білуге үйренбеген жасөспірімдер де өзінен үлкен ересектердің айтуына тез еретін көрінеді. Сондықтан да баланы кішкентай күнінен бөтен мен туыстың арасын ажырата алардай, кез келген ортада ойын ашық айта алатындай етіп баулыған дұрыс. Бүгінде де педофилдерден сақтандырудың ең дұрыс тәсілі осы болып тұрған сыңайлы.

Туыстар мен ата-аналардың таныстары тарапынан болатын педофилдік әрекетке де бала өздігінен қарсыласа білгенді үйренгені жөн.

Балаларды мынадай жағдайлардан сақтандыру қажет:

* Егер көшеде бөтен адам онымен бірге әлдеқайда баруды немесе көлікке отыруды өтінсе... Баламен сөйлескенде міндетті түрде бөтенмен бірге ешқайда бармауды және оның көлігіне отырмауды, ол туралы міндетті түрде ата-анасына айтуы керектігін ескертіңіз. Тіпті ол оқытушысы немесе отбасына туыс, дос болса да. Қандай да бір ұсыныс түскен жағдайда бала бірінші болып өздігінен ата-анасына ол туралы сол сәтте хабарласып айтуы керектігін мұқият тапсырыңыз. Балаға туысы немесе таныс адам (бөтен) «ата-анаң рұқсат берді» десе де, оны тек ата-анасының өзінен алдымен сұрап білу керектігін жіті түсіндіруіңіз керек;

  • ересек адам қандай да бір жыныстық қатынасты дәріптейтін әңгіме айтып немесе суреттер мен бейнежазбаны көруді ұсынған болса, алдымен бірден бас тартып, сонан соң бірден ата-анасына хабарласуы тиіс;
  • тізесіне отырғызып, қытықтау мен құшақтау сияқты ерсі қылықтар көрсетсе;
  • себепсізден себепсіз сыйлық ұсынса, мұндай жағдайлардың бәрін де бала ата-анасына еркін және тез арада айтатын болуы керек. Бала мұндай жағдайлардың бәрі де ата-ананың назарынан тыс қалмауы тиіс екенін жете түсінуі тиіс.

Ал егер да әлгі адамдардың тарапынан қызбалық байқалып, көлікке күштеп отырғызбақ болса, қолынан тартып сүйрей жөнелсе, бала ештеңеден тайсалмай, қысылмай айқайлап, көмекке шақыру керектігін білуге тиіс. Айнала жақын маңдағы адамдардың назарын өзіне аударатындай әрекетке барудан тартынбау керектігін айтып түсіндіруіңіз қажет.

Ата-аналар тағы не істей алады?

Педофилиядан сақтану үшін ата-ана баласы үшін нағыз АТА-АНА бола білуі тиіс. Бұл бірінші кезектегі әрекет!

Нағыз, жақсы және баласымен арада терең түсіністік қалыптастырған ата-ананың балалары ғана мүндай қауіптен сақтана алады. Ата-ананың рөлін ойнап қана қоймай, нағыз ата-ана бола алған жөн.

Балаларыңызға сеніңіз. Олар сізге қалай сенсе, сіз де оларға сондай сеніммен қарауыңыз қажет. Сонда ғана бала да ата-анасына үлкен сенім арта алады. Өзіндей сенетін болады.

Есте сақтаңыз! Балаға ата-анадан ең бірінші үлкен махаббат пен мейірім қажет. Сіздің тапқан табысыңыз бен ортада жиған абыройыңыз емес, тек махаббатыңыз ғана! Мейіріммен қарап, оны бағып-қаққаныңыз, оның көңіл-күйін өзіңіздей түсінгеніңіз, оның да жеке тұлға екендігін сыйлап естен шығармағаныңыз, қолдауыңыз және назарыңыз (назар аударуды тек қадағалау деп қана түсініп, қателеспеңіз!) қажет!

Одан басқа балаңызды жалықтырып жібермейтіндей тұрғыда қадағалауды қолға алғаныңыз мақұл. Қадағалау болғанда да, оның көңіл-күйін, мәселелерін, жағдайын, оның қызығушылықтарын, әлеуметтік желідегі ортасын және т.б. бәрін де білуге міндеттісіз.

Ата-ана өз абыройын емес, баласының осынау жағдайларын бірінші орынға қойғанда ғана арада терең түсіністік қалыптасады.

Балаңызға әлдекімдердің ұсынысына «ЖОҚ!» деп айтуды үйретіңіз.

Дайындаған - Ә.Көлбаева