ҮЙЛЕНУГЕ қорқатын жігіттерді ЖІГЕРЛЕНДІРЕТІН 4 себеп

0
4 368

«Алдымен, тұрмысымды түзеп алайын, біраз белестерді бағындырайын содан кейін үйленемін» дейтін жігіттер мен «тұрмысқа шықсам, барлығы қалады. Ал, менің арманым, баламен үйде байланып отыру емес» деп отбасын құруды кейінге қалдыра беретін қыздар тереңірек ойланса екен...


ҮЙЛЕНУГЕ қорқатын жігіттерді ЖІГЕРЛЕНДІРЕТІН 4 себеп

Адамның бақыты, қайғы-мұңсыз өмір сүруі мен шаттануы, қуануы оның отбасымен тікелей байланысты.

Отбасы бақыты дегеніміз- адамның қоғамдағы орны, оның ұзақ және саламатты өмір қағидасы. Егер мән беріп, қырағы көзбен бақылау жасап көрсеңіз, бейтаныс ортаға кез болған уақытты немесе ұзақ уақыт бойы көрмеген таныстарымызды жолықтырып қалған кезімізде хал-ахуал сұрасу әуелі отбасымыздан бастау алады.

Яғни, «отбасын құрдың ба?», «балаларың нешеу болды?», «әйелің (күйеуің) қандай жұмыс атқарады? Жасы қаншада?» деген сұрақтармен әуелі көптен көрмеген немесе жаңа танысқан адамнан отбасы жайлы сұрап білеміз.


Ал, мансап, оқу, қызмет т.б. өмірдегі басқа да жетістіктер жайлы сұрау одан кейінгі орында. Егер де отбасылық өмірінде тұрақтылық, тыныштық болмаған адамның карьерасы, қызметтегі «жетістіктері» биік болған жағдайда да көпшілігіміз мұндайды жақтамаймыз. Яғни, отбасы бүтін, балаларының дені сау болмайынша, ол адам туралы «қандай бақытты, жолы болып, сәттілік жолыққан адам» деп ойлай алмаймыз.

Дұрыс, қызметте өрлеу, абыройлы, сыйлы болу өте жақсы іс, алайда, біздің менталитетімізде БАҚЫТ деген түсінікті жоғары қызметпен, қомақты табыспен, ас та төк өмірді жалғыз өзі сүруімен байланыстырмайды.


БАҚЫТ деген - ұл-қыз өсіріп отырған, күйеуіне мойынсұнып, жағдайын жасап отырған, осындай ақылды әйелге мейірімді болып, отбасын ойлайтын отағасы бар ОТБАСЫны бақыт деп түсінуге болады.

Соған қарамастан, халқымызда «үйлену оңай, үй болу қиын» деген қалыптасқан қағида, аталы сөз бар.


«Алдымен, тұрмысымды түзеп алайын, біраз белестерді бағындырайын содан кейін үйленемін» дейтін жігіттер мен «тұрмысқа шықсам, барлығы қалады. Ал, менің арманым, баламен үйде байланып отыру емес» деп отбасын құруды кейінге қалдыра беретін қыздар да жоқ емес.

Жастардың дүниетанымдары өзгерген, олар заманына лайықты ойланып, іс-әрекеттер жасап жүр деп оларды да ақтап алуға болатын шығар. Дегенмен, қолда тұрмай, сусып түсетін құм секілді уақытты қайтеміз?!

Шындығында, отбасын құруға карьера, карьера қууға отбасын құру кедергі келтіре ме?



Бойдақта байлық жоқ

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген сөзді де осы орайда пайдаланғым келіп отыр.

Әрине, жақсы өмір сүруді әркім де қалайды. Мақсатқа жету үшін де, жақсы табыс табу үшін де қызмет керек. Былай қарағанда барлығы дұрыс, сіз бойдақсыз, табысыңыз да жоғары.

Бірақ, сіздің тапқан табысыңызда береке жоқ. Неге? Өйткені, тапқаныңызды үнемдеп жұмсауды білмейсіз немесе ертеңгі күніңізге үмітіңізді оятатын перзентіңіз жоқ. Тапқаныңызды перзентіме, отбасыма деп жұмсамаған соң, әрине, таңертең уысыңызға түскен ақшаңыздың кешке қызуы азаяды.



Отбасы - үміт мекені

Қандай жағдай болмасын, отбасылы адамның таңмен таласып тұрғаннан бастап, «тәтті» машақаты басталады. Міне, сондай «тәтті уайым» уысыңыздағы ақшаның ысырап болмауына, бей-берекет жұмсалуына жол бермейді.

Ал, үнемдеп, орны-орнына жұмсалған қаражатта әрине, береке болады. Міндетті түрде, ерлі-зайыптының арасында бір-біріне деген жанашырлық, түсіністік артады. Ал, балаларға деген мейірім мен махаббат еселене түспек.

Әлдеқашан үйлену жасына жетіп, отбасын құруды кешіктіріп жатқан жігіттердің психологиясына үңіліп көрейік:


"Табысыма басқа адам (әйел) ортақтаспасын!"

Отыз бес жасқа келіп, әлі де үйлену туралы ойламайтын, үйленуге толық мүмкіндігі бар (яғни, дипломы да, ақшасы да, үйі де, көлігі мен тұрақты жұмысы да бар) жігіттің ойы туралы білу әсте қиын емес. Өйткені, онда ешқандай күрделі мәселе жоқтың қасы. Айналасында небір ақылдысы да, көріктісі де, сымбаттысы мен шаруаға ептісі, жасы да, өзі секілді карьерасын жолға қойған қызметкер қыздар да толып жүр.

Бірақ, ешқайсысын өзіне тең көрмейді. Әрбірінен әйтеуір бір мін тапқыш. Әрине, мінсіз адам болмайды ғой, жігіттің де міні табылады іздей берсең.

Өзі қатарлы достарын айтпағанның өзінде, інілерінің отбасын құрып, балаларының алды мектепке барғалы отырғанда соларға қарап қалай қызықпайды деп ойлайтын едім. Сөйтсем, ол балаларын ертіп жүрген әкелерге қарап әуесі келмейді екен. Бала деген артық қаражатты талап етеді, барып тұрған шығын деп ойлайды. Келешекте өзінің баласынан тапқан табысын аяп жатқанда біреудің баласы (әйелі) оған бөтен болмағанда не қылсын?!


Қасиетті Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық» (Зарият сүресі 49-аят), — деген аят бар. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқандығын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады.
Құран кәрім некелесуді әмір етеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және «Неке қию-менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.
Риуаятта айтылады: бір жігіт ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Сонда ол бір ұстаздың қолында оқып, қызметінде жүреді. Ұстазы шәкіртінің үйленетін жасына жеткенін байқап, өзіне жақын бір отбасының қызымен некесін қимақ болыпты. Жігіттің әрине, үйленуге жағдайы жоқ еді, өзі жетім өскен. Содан ол өзінің үйленуге жағдайы жоқ екендігін ойлап, ертеңіне ұстазына барып мән-жайды түсіндірмек болады. Бірақ, артынан ұстазына қарсы шығуға тағы да жүрексініпті.

Содан жігіттің некесін қию үшін адамдар жиналады. Бір қой, бес-он нан, бір уыс мейізбен той өтіпті. Тойдың құрметіне ауыл ақсақалы күйеуге сыйлық береді. Оны көрген басқа да ауыл адамдары бірінен соң бірі өздерінің тойға атаған сыйлықтарын үлестіріп жатты. Ал, дәулетті кісілер жас отбасына қажетті бұйымдармен қамтамасыз етсе, жігіттің ұстазы алдына мал салып, күн көрісі үшін бір қой мен бір ешкіні тойанасы етіп атайды. Содан иығына ілген жалғыз көйлегі мен шалбарынан басқа ештеңесі жоқ жігіт некенің шарапатымен тұрмысы оңала бастаған екен.

Қуанышы қойнына сыймаған жігіт ұстазына рахмет айту үшін алдына барыпты.

«Ұстаз, маған «үйленесің» дегеніңізде уайымдап едім, өйткені, менің түгім жоқ болатын. Ақ некенің арқасында менің ризық-несібеме береке қосылды. Сізге ризамын. Сонша уақыт кедейлігімнен шошып, алдыма асқақ арман-мақсат та қоймаған болатынмын. Енді түсіндім, үйлену- бұл берекенің бастауы екен» дейді.

БЕРЕКЕ, уайымсыздық, жан тыныштығы - НЕКЕде жасырынған.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


НЕКЕ үшін ҚАУІПТІ 4 БЕЛГІ


ЖАҚСЫ АНА болу үшін... (болашақ аналарға кеңес)