Жай ғана ​ТІЗІМ ЖАСАУ өміріңізді жақсартады

0
4 264

Ненің тізімін құру керегін білсеңіз болғаны.


Жай ғана ​ТІЗІМ ЖАСАУ өміріңізді жақсартады

Әдетте, сіз ненің тізімін құрасыз? Әйелдер қауымы көбіне үйге керек заттардың тізімін жасайды. Ал ерлер болса, мүмкін, атқаруға тиіс шаруалар тізбегін құрайды ойша.

Бірақ, бұл тізімдердің өмірге тигізер пайдасы соншалықты көп емес. Ал, мына тізімдерді әркім міндетті түрде жасауға тиіс.


ТӘУЕКЕЛДЕР тобы

Көзің нақты жетпей тұрған тұста тәуекелге бел буу қашан да қиын. Алайда, осындай сәттерде белін бекем буып, нар тәуекелдің кемесіне мінгендер көбіне жеңіске жетіп жататынын өмір көрсетуде. Сондықтан, сіз де қорықпаңыз. Қандай істерге қолыңыз бармай жүр? Неге бел шешіп кірісе алмай жүрсіз? Сондай армандар мен мақсаттарыңызды айқындап, тәуекел етуге тиіс тұстардың тізіміз жазыңыз. Онда физикалық (мәселен, парашютпен секіру), әлеуметтік (айталық, танымайтын адаммен бейтаныс жерге сапарлау), эмоционалдық (мысалы, біреуге сезіміңізді білдіру), қаржылық (арманыңыздағы зат үшін қомақты сома жұмсау) тәуекел пункттері болсын. Бәлкім, «Тәуекел түбі – жел қайық» болып, өтерсіз де кетерсіз. Әлде ойлағаныңыз орындалмай, құр бос әурешілік болып қалар. Қалай болғанда да керемет тәжірибе, жарқын эмоция, есте қалар естелік сыйлайтыны сөзсіз.


ЕҢ МАҢЫЗДЫЛАР тізбегі

Қазіргі жасап жүрген ісіңізден бөлек қандай өзіңіз үшін маңызды нәрсені назардан тыс қалдырып жүрсіз? Өмідің өлшеулі, уақыттың шектеулі екенін ұмытпаңыз. Дәл қазір Сіз үшін ең маңызды адамдардың аттарын, ең маңызды шаруаларды, маңызды арман-тілектеріңізді қағазға түсіруді бастаңыз. Денсаулық маңызды, ал сіз өз күтіміңізге қаншалықты көңіл бөліп жүрсіз? Отбасы маңызды, ал сіз оларға деген махаббатыңызды жеткілікті бере алдыңыз ба? Арман маңызды, оны орындау жолында қандай қадам жасап жатырсыз? Қандай тұлғалық қасиетіңізді, қабілетіңзді дамытқыңыз келеді? Осы сұрақтардың жауабын тізбектеп болғанда, көз алдыңызда еі бірінші қолға алуға тиіс шаруалар қатары тұрады.


ПАЙДАЛЫ ІСТЕР тізімі

Күнделікті үй шаруасы мен жұмыс орныңыздағы міндеттерді бір шетке ысыра тұрыңыз. Өзіңізді дамыту не жай ғана жан қалауын орындау үшін тағы қандай іспен шұғылданғыңыз келер еді? Қандай жаңа әдетті қалыптастырсам не жаңа машықты меңгерсем дейсіз? Мүмкін, күніне жарты сағат кітап оқуды әдетке айналдырарсыз? Білкім, әлеуметтік желіні құр босқа парақтағанша, қандай да бір тақырып бойынша ізденіп, керегіңізді аларсыз? «Бос уақытымды арнасам, өзім үшін пайдалы болар еді» деген «ермектер» саны тым құрығанда 10-нан асса және оларды жүзеге асырсаңыз, шынында алға жылжитын едіңіз.


ҚУАТ КӨЗІ қатары

Жаыңыз жабырқағанда көңіліңізді не көтереді? Қажыған сәтте қайта қуаттанып, бйоғы күш жинауға не нәрсе ықпал етеді? Көңіліңізге шуақ, қиялыңызға қанат бітіретін не? Қандай қасиеттеріңізді мақтан тұтасыз? Осы нәрселерді тізіп жазыңыз. Бұл – сізді қиын сәттерден, стресс жағдайынан суырып алып шығатын ішкі қайнар көздеріңіз. Оларды жақсы тануға және шаршап-шалдыққанда, салыңыз суға кеткенде қуат бөлуіне қажетті жағдай жасауға тиіссіз.


БАС ТАРТУ бағаны

Ешкімнің өтінішінен, бұйрығынан бас тарта алмайтын, «ЖОҚ» деп жауап бере алмайтын әдет – иесінің өзі үшін өте зиян. Мұндай «мақұлбикелік» адамды әлсіз етеді. Ол өзінің қалауымен өмір сүрмейді, өзгелердің ықпалымен, қалауымен әрекет етеді. Сондықтан, әркім өзі үшін қандай нәрселерден бас тартып, нені қабыл алмайтынын нақты белгілеуі қажет. Сондықтан келесі пункттің үлгісі мынадай болуға тиіс:

«Мен бас тартамын:

1. ...

2. ...

3. ....»

Бұл тізімге зиянды әдеттер, араласқыңыз келмейтін адамдар, бойыңыздағы өзіңізге ұнамайтын қасиеттерді де қосуға болады.

Жоғарыдағы сауалдарға өз ішінен жауап тауып, әр тармақ бойынша тізім құрған адамның ары қарайғы өмірде адымы айқын, жеңісі жақын болмауы мүмкін емес. айтпақшы, бір жазған соң болыд деп қоя салмаңыз. Бұл тізімді жиі-жиі қайта қарап, өмір бойы толықтырып тұруға әбден болады.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚЫЗЫН ӨКПЕЛЕТКЕН ӘКЕ оның болашағына да КЕСІРІН ТИГІЗЕДІ