Құдалықта құдағиды көрпе мен кілемге орау дұрыс па?
"Қырық күн тойын, отыз күн ойын" құрған қазақ, келін түсіріп құдалық шақыруға ерекше мән беріп дайындалады. Бұрындары құдаларын үйіне түнетіп, туған-туысын аралататын ел қазір барлығын бір-ақ күнде бітіруге асығатын болған. Осы үрдіспен бірге құдалықтың ішінде орындалатын дәстүр мен ырымдар да өзгеріске түсіп кетті.
Солардың бірі - құда мен құдағиды көрпеге орау. Ал солтүстік аймақта құдағиды кілемге лақтыру үрдіс алған.
Жақында өзінің парақшасына танымал Дана Бектұрған өзінің құдалығында болған ырымды түсірген видеоны жариялады. Тележүргізуші жазбасында бұл ешқандай дәстүр емес екенін ескертіп кеткен.
Мұны көрген желі оқырмандарының көпшілігі таңырқап, алғаш рет көріп тұрғандарын жасырмаған. Олар мұндай шоулардың бертінде пайда болғанынын айтып, ерсі көрінетінін де жазған. Бірақ Толқын есімді оқырман "Салт-дәстүріміздің жақсы бір көрінісі ғой. "Бір түрлі", "Ерсі" деген комменттерді оқып таң қалып отырмын. Құда, құдағи бір көрпеде тең қартайсын деп, көрпеде де аунатады. "Ақ кілемге орау", "Ақ кілемге аунату"-жақсы үрдіс, жақсы мағына. "Оң жағына аунат" - деп жатыр, байқасаңыздар. "Оң" деген сөздің қазақта мағынасы терең ғой. Мұнда тек қуаныш қой!" деген пікір айтады.
Осыған ұқсас салттың бірі, біздің оңтүстік өңірде де кездеседі. Ол жақтың халқы келіннің дүниесін алып келгенде құда мен құдағиға да арнайы көрпе тігіп, алып келеді. Сонан соң тойдың үстінде "көрпе бүлкілдетер" деп екеуін сол көрпеге орайды. Мұның мәнін олар "құдаларымыз бір жастықта қартайсын" деген тілек деп түсіндіреді.
Ал сіз тұратын аймақта осындай ырымдар орындала ма?
Фото: anatili.kazgazeta.kz