Қыз жасауының құны қанша?

0
15 325


Қыз жасауының құны қанша?

Өткен аптада қыздың артынан келген жасауын көрсеткен төмендегі видео желіде кең тарап кетті. Әрі көпшілік арасында қызу талқыға түсті, бұл видеоны парақшасында бөліскен Шолпан есімді егде жастағы әйел: «Қазіргі заманғы қыз жасауы...мынадай қыз жасауын жасау үшін қарапайым адамның қаражаты жете ме?...әлде басқа жұрттан кем етпеймін деп кредит ала ма? Өзіміз бір шубаны елуге келгенде кигенбіз... жұмысқа, тойға, көшеге, машина айдағанда деп түр-түрінен шубаны қыз жабдығына қосатын болсақ келесі жолы машинаның да түр-түрінен қосармыз... сіздерше қазіргі заманғы қыз жабдығын осылайша апарған дұрыс па?» деген сауал жолдайды. Оған пікір білдірген халықтың да санында шек жоқ, әрине олардың көпшілі бұл дарақылық, бос ысырап екенін алға тартады.


Осы орайда біз қазіргі таңда қызды ұзату үшін берілетін жасаудың мәні мен сәнінің сапасын іздеуге тырысып көрдік.

Қыз жасауы-ұзатылған қыздың артынан алып баратын мүлкі. Әуелде қазақ «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» деп қызының мүлкін кішкене кезінен бастап жинай бастаған. Оған қыздың ата-анасымен қатар, туыстарының үлестері де қосылған. Оның бағасы туыстардың береке-бірлігі мен үйдің дәулетіне тәуелді болған.

Бірақ қазір үйдің жағдайынан бұрын, елдің сөзі алға шыққан заман. Сол себептен де шығар, қызының артынан сөз ермесін деп көп ата-ана қарызданса да жасауды жұрт таңдай қағатындай етіп апаруды әдетке айналдырып алған.

«Қызыңызға қанша кетті?» деген сұрақты қоймас бұрын қыздың артынан міндетті түрде баратын мүліктерді саралап, орташа бағасын бағамдап алайық.

  • 9 көрпе (6 жамылғы, 1 «махаббат көрпесі», 1 төр немесе «құдағи көрпесі») Бұл көрпелердің мақтасы мен матасын, тігуін есептегенде бір көрпе шамамен 4500 теңгеге шағады. Ал 9 көрпе – 40 500
  • 6 көрпеше – 18 000 теңге
  • 2 құрақ көрпеше – 15 000 теңге
  • 6 Жастық – 15 000 теңге
  • Төсек жабқыш – 11 000 теңге
  • Сандық – 22 000 теңге
  • 2 кілем – 48 000 теңге
  • Төсек-орын гарнитуры – 280 – 350 мыңның арасы
  • 9 сүлгі (көлеміне қарай 3 монша орамалы, 3 қол сүртетін, 3 асхана орамалы) – 28 000 теңге
  • Ыдыс-аяқ жиынтығы – 40 000 теңге
  • Кастрюльдер наборы – 24 000 теңге
  • Қасықтар жиынтығы (шөміш, кепсер, пышағымен) – 42 000 теңге
  • 2 ет табақ – 12 000 теңге
  • 2 Шәйнек немесе электрошәйнек – 8 000 теңге
  • Дастархан – 3 000 теңге
  • Перде – 12 000 теңге
  • Нан пісіретін пеш – 6 500 теңге
  • Газ плита – 65 000 теңге
  • Кір жууға арналған мәшине – 90 000 теңге
  • Шаңсорғыш – 55 000 теңге
  • Ет жегетін құрал – 23 000 теңге
  • Мұздатқыш – 177 000 теңге

Осы жабдықтардың барлығы – 1 055 000 теңгені құрайды. Бұл ең төменгі бағалар арқылы есептелген көрсеткіш. Кейбірі жағдайына қарай қысқатолқынды пеш, теледидар, ыдыс жууға арналған мәшине, блендер сияқты заттарды да жасауға қосып жатады. Қыздың мүлкінен бөлек, қонақтарға тарататын мата мен орамалдар және айна-тарақ сияқты ұсақ-түйек заттар сатып алынады. Олардың да құны шамемен 100 мыңға жетіп жығылады. Ал қыздың киіміне кететін ақша бөлек әңгіме...

Айлық табысқа қарап отырған отбасы үшін миллионнан аса қаржыны бірден табу оңай емес екені анық. Қазақ «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң жетеді» дегенді бекер айтып кетпесе керек-ті.

Қыздың жасауы анасының міндеті дегенді жиі естиміз. Осы тұста өткен жылы ғана үлкен қызына жасау алып барған Айжұлдыз әпкенің ойын білдік.

Айжұлдыз: "Өткен жылы ойламаған жерден қызымды алып қажып кетті. Босағаны аттаған қызды қайтармайтын халық емеспіз бе, несібесі сол үйде болар деп қалдырдық. Арада бір-екі ай өткен соң олар құдалық шақыратын болды. Сол кезде қыздың жасауын түгендеуге кірістік. Әрине, ол кезге дейін азын аулақ жинап жүргенім де болған еді, дегенмен қиын болды. Өйткені өзімнің алты балам бар, сол кеткен қыздан өзгесі кішкентай. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Бірақ жұрттан қалмай алып баруға тырыстық қой. Туған-туыстың асарымен көп жүгіміз жеңілдеді. Қазір дәл қанша кеткенін айта алмаймын, әйтеуір миллионның үстінде кеткені анық. Өйткені көрпе-төсегінің өзі жүз мыңнан асты ғой".

Әрине ана болған соң қызының бағы үшін қолынан келгенді жасайды емес пе, ал ұзатылған қыз ата-ананың жағдайын ойлай ма?

Ғазиза: "Мен осыдан екі жыл бұрын ұзатылдым. Ата-анам Шымкенттің орталығында тойымды жасап берді. Жасау дегенде, сол кезде құдалықта біршамасын алып келіп берген. Бірақ біз әлі жеке үйімізді алмағандықтан жасауымды түгел алып келмеді. Болашақта үйім болса бәрін алып келеміз деп отыр. Білмеймін, үйдегілердің "Қиналдық" дегенін естімеппін. Керісінше керегіңді айт деп сұрап отырады".

Қыз жасауының түгел болуы ұлттық құндылығымыз шығар?! Бірақ жұрттан озуға тырысып қарыздану кімге абырой алып беретінін ойланып көрейік. Сіз қызыңыздың жасауына қанша қаржы жұмсадыңыз?

Фото: @xan_kyzy

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ