Арыстық полиция қызметкері жарылыс сәтін баяндады

0
1 223

Жойқын жарылыстан 16 адам өмір сүріп, бірлігі мен берекесі ұйыған әулеттің шаңырағы ортаға түскен.


Арыстық полиция қызметкері жарылыс сәтін баяндады

Арыстағы жарылыс полиция қызметкерінің үйін ойран еткен. Бір шаңырақ астында 16 адам өмір сүріп, бірлігі мен берекесі ұйыған әулеттің шаңырағын ортаға түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Арыс аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының полицейі Бағлан Жарылқасымов өзгелер секілді жойқын жарылыстың қорқынышын басынан өткергенін айтады.

"Мен Арыстағы жойқын жарылыстан алдын, яғни 22 маусымда кезекті еңбек демалысына шыққан болатынмын. Әдеттегідей отбасыммен бірге демалуды жоспарладым. Мен отбасыммен бірге үлкен ағам және анам Злихамен тұрамын. Ағамда 5, ал менде 6 бала бар. Ең кішкентайым Алинұр 4 айлық. Біздің отбасымыз үлкен және ұйымшыл. Бір шаңырақтың астында 16 адам бірге өмір сүреміз", - дейді жарылысқа дейінгі бейбіт күнін еске алған Бағлан Жарылқасымов.

Ол жарылыс болған уақытта үй дірілдеп, қатты толқын әйнектер мен есіктерді жұлып кеткенін қорқынышпен еске алады.

"24 маусым күні таңертең ерте оянып, үй шаруаларымен айналысып, содан соң отбасымыз және анаммен бірге дастархан басына жиналдық. Таңғы сағат 9-дар шамасында, біз азанғы асымызды ішіп жатқанда, қатты дүмпуді естідік. Анам мен балаларды тездетіп жинап, ал бесікте жатқан кішкентай 4 айлық ұлымды шешіп алып, сыртқа шығып үлгердім. Содан кейін бәріміз жолмен жүгірдік. Бізбен бірге көршілеріміз де қаша жөнелді. Барлығының көзінен қорқыныш көрінді. Ешкімнің өлгісі жоқ. Мұның барлығы қорқынышты фильм секілді болып жатты. Шамамен қауіпсіз жерге шыққаннан кейін, барлық жақындарымды ағама тапсырдым да, өзім аудандық полиция бөліміне қарай жүгірдім. Ағам көршілермен бірге Шымкентке қарай шығып кетті, ал мен қалада қалдым", - дейді полиция қызметкері.

24-27 маусым аралығындағы күндерде ол әріптестеріммен бірге қызметін атқарып, адамдарға қаладан кетуге, ал үйлерін тастап кетуден бас тартқан тұрғындарға ас пен су апарып көмек көрсеткен.

"Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы төтенше жағдай режимінде жұмыс атқарды. Алайда, қалада жарылыстар жалғасса да, полиция жұмысын бір сәтке де тоқтатпады. Жарылыстар басылғаннан соң, біз көшелерді торуылдап, эвакуацияланған тұрғындардың үйін тонап кетпес үшін күшейтілген режимде жұмыс істедік. Тіпті өзімнің үйіме оралып, ол жерде кімнің қалғанын көруге тіпті уақытым да болмады", - дейді ол.

Кейін ол Шымкенттен келген туыстарымен бірге 28-маусымда үйіне оралады. Әйелі мен әпкесі үйін көріп жылап жібергенін айтады. Баршасының басын бір дастарханда жинайтын үйдің шаңырағы шайқалып ортасына түскен екен. Снаряд оның үйін де айналып өтпепті.

"Негізі біз жарылыс болған маңға жақын орналасқан екінші секторда тұрамыз. Мен дер кезінде жарылмаған снарядты байқап қалып, саперлерді шақырдым. Бұл жағдайға күлейін бе әлде жылайын ба, алайда снаряд байлаулы тұрған жылқымның құйрығына оралып қалған. Көзіңізге елестетіңізші? Мүмкін бұл жылқы менің үйімді аман алып қалуға келген қорғаушы періштем болар ? Әзірге менің жақындарым, туыстарым мен таныстарым қалаға оралып жатыр, ал мен өз қызметімді атқарып, жерлестеріме қаланы қалпына келтіруге көмектесуім керек. Президентіміз бізге көмектесуге уәде беріп, көңілімізге үміт ұялатты және мен оған толық сенемін», - дейді полиция қызметкері Бағлан Жарылқасымов.