Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы, футбол алаңшасын салуға қаржы қаралды.
Дархан Сатыбалды Саурандағы құрылысты тездетуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты тездетуді тапсырды. Сауран ауданына іссапар аясында облыс басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандардың салыну қарқынын тексерді.
Әкімшілік іскерлік орталығындағы аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтерді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды.
Шорнақ елді мекенін ауыз су, кәріз жүйесі және электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабайқорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынуда.
Сонымен қатар Бабайқорған елді мекенінде «Клуб және кітапхана» ғимараты салынады.
Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы, футбол алаңшасын салуға қаржы қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.