Ел үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтар марапатталды

0
2 309

Тәуелсіздік мерекесінде Созақ ауданының өндірісін өркендетуге, кәсіпкерлігінің қанат жаюына үлес қосып, халық мүддесі үшін қызмет етіп жүрген азаматтар әкімнің алғыс хаттымен марапатталды.


Ел үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтар марапатталды

Түркістан облысы, Созақ аудандық әкімдігінің мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым» атты салтанатты мерекелік жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын Созақ ауданының әкімі Полатов Салыхан Сабырұлының құттықтауымен ашылды.

Салыхан Сабырұлы «Бұл күн ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының асқақ арманының орындалған ұлық мерекесі. Созақ ауданы да дамудың даңғыл жолына түсіп, бұрын соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік қанат жайды. Әлеуметтік нысандар, тақтайдай тегіс жолдар, жаңа демалыс орындары тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз», - деп көпшілікке ыстық лебізін арнады.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Салыхан Сабырұлы «Облыстың құрметті депутаты» төсбелгісін аудандық мәслихаттың депутаты Сатыбалды Жанұзақов, Берік Тұрғанбаев, Омар Іргебаевқа табыстады.

Ал, ұстаздар Ақмарал Байғараева мен Майра Арыстанбекқызын облыстық мәслихаттың грамотасымен, Алмат Алтыбаев пен Қарағұр ауыл округінің әкімі Ордабек Жамиевті және аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Ұлдана Әсембаеваны облыс әкімінің грамотасымен марапаттады.

Сондай-ақ, ауданның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, дәрігер Бүркіт Арынбеков және «БиБо» компаниясының директоры Батырхан Таңатовқа Қазақстан Республикасының қалалық, аудандық хатшылар бірлестігінің «Ерен ерлігі үшін» медалін табыс етті.

Салтанатты жиын Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.