Қостанай облысы түркістандықтарды әскери қызметке шақырады

0
930

Олардың ең төменгі жалақысы 250 мыңнан басталады.


Қостанай облысы түркістандықтарды әскери қызметке шақырады

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті Түркістан облысының тұрғындарын әскери қызметке қабылдайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник Серік Төлеуханов мәлімдеді.


Спикердің айтуынша, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті Түркістан облысы аумағынан 18-32 жас аралығындағы әскери билеті бар ер азаматтарды келісім-шарт негізінде әскери қызметке қабылдайды. Бұл ретте, Қостанай облысының шекара қызметінде 300-ден астам бос орын бар. Олардың ең төменгі жалақысы 250 мыңнан басталады.


«Біз азаматтарды әскери қызметке қабылдау барысында офицерлер, сержанттар мен сарбаздар құрамы лауазымдарына көңіл бөліп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрік Республикасы әскери оқу орындарына жоғары білім алу үшін және жоғары білімі барлар қатарынан 6 айлық қайта дайындау курстарын оқығаннан кейін офицерлік лауазым алу үшін үміткерлерді іріктеу жұмыстарын іске асырып жатырмыз. Жоғары оқу орындарына түсетін азаматтар орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, әскери қызмет өткермеген 17 мен 21 жас аралығындағы азаматтар болуы керек. Оқуға 24 жасқа толмаған, әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтар және шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер және 25 жасқа толмаған, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер қабылданады. Шекара қызметінің қатарына қабылданған азаматтар тұрақты жалақымен, тұрғын үймен, пәтерақымен, медициналық тексерулермен, тегін қысқы жазғы киімдермен қамтылады. Сондай-ақ, әр жанұя мүшесіне тұрғын үй төлемдері, жауынгерлік қызметте тегін тамаққа үстемақымен қамтамасыз етіледі. Азаматтардың құжаттарын қабылдау уақытының шектеуі жоқ. Әскери қызметке құлшынысы зор азаматтарды Қостанай облысына жұмыс істеуге шақырамыз», - деді Серік Қабдылғазыұлы.


Әскери қызметке кандидаттар қажетті құжаттармен, медициналық куәландырудан өту, дене шынықтыру дайындығы деңгейін тексеру, кәсіби жарамдылығын және әскери есептік мамандығының сәйкес келуін тексеру, психологиялық жарамдылығын тексеру бойынша қабылданады. Өзге де сауалдар бойынша +7 707 135 65 30 немесе +7 714 252 04 04, 87770205811 нөміріне хабарласуға болады.