Мақтааралда қаңтардың қақ ортасында диқаншылық басталды

0
1 405

Мақтааралдық шаруалар жылына 3 рет өнім алуда.


Мақтааралда қаңтардың қақ ортасында диқаншылық басталды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданында қаңтардағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың бірі Әлім Ибраев. Еңбекқор жанның "Дүйсенбек" атты шаруа қожалығы барды. Қожалықтың еншісінде 4,5 гектар жер бар болса, соның барлығына қырыққабат егіліп жатыр екен. 60 адамнан құралған бригада күн сайын, жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.

«Жұмысшыларға күніне 3200 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын да ектік. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді С.Сәдуов Мақтаарал ауданы "Мақтарал" ауылдық округінің әкімі

Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың пандион, ринда, фарао сұрыптарын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Қазірдің өзінде "Мақтарал" ауылдық округінде 50 гектардан астам жерге қырық қабат егіліп үлгерген.


Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 2019 жылы 50 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қамбаға жиналған. Ал, оның басым бөлігі қырыққабат өнімі болатын.