Мақтаралдық тұрғындар көшпелі «Нұр Отанға» шағым айтты

0
4 231

Айжан Болғанбаеваның айтуынша, баласын мүгедектікке шығару үшін аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Нұржауов Жүсіпбек Нөкерұлы 30 мың теңге талап еткен.


Мақтаралдық тұрғындар көшпелі «Нұр Отанға» шағым айтты

ERNUR.KZ. Бүгін «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Миятұлы Жолдасов Мақтарал және Жетісай аудандарында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық басқарма басшылары, жергілікті мекеме мен бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудандық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне алдын ала жазылған азаматтар тарапынан айтылған өтініш тілектердің басым бөлігі өздері мекен ететін ауылдар мен елді мекендердегі ауыз су, жол, газ және тұрғын үй мәселелері болды.

Көшпелі қоғамдық қабылдауға жазылған А.Қалыбеков ауылдық округінің ауыл биі М.Көмеков соңғы 3 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан көгілдір отын мәселесін қозғаса, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді ауылының тұрғыны А.Мырзақұлов ауылға таза ауыз судың қажет екендігін, ауыл тұрғындары 2013-жылдан бері суды тасып ішетіндіктерін, С.Әуелбеков егістік суғаруға қажетті ағын судың 1000 текше метріне бүгінде төленуі тиіс 1800 теңгенің орынына 8800 теңгеден төлеп отырғандықтарын айтып, шағымданды.

Ал, «Жаңа ауыл» ауылдық округіне қарасты Қараой елді мекенінің тұрғындары ауылға фельдшерлік-амбулаториялық пункттің қажет екендігін алға тартты. Қазыбек би ауылының ақсақалдары стадион керектігін ортаға салды.

Сондай-ақ, Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округіне қарасты Чехов елді мекенінің тұрғыны Айжан Болғанбаева баласы Абзал Болғанбаевтың ДЦП дертімен ауыратындығын айтып, мүгедектікке шығару, оның ем-домына материалдық көмек көрсету жөнінде көмек сұрады.

Айжан Болғанбаеваның айтуынша, баласын мүгедектікке шығару үшін аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Нұржауов Жүсіпбек Нөкерұлы 30 мың теңге талап еткен. Ұлының емінен қаражат арттыра алмаған ана тиісті сала мамандары мен құқық қорғау органдарынан көмек сұрады.

Осы және өзге мәселелер бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізген «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Миятұлы әрбір айтылған өтініштің қараусыз, ескерусіз қалмайтындығын айтып, құзырлы органдарға тапсырмалар берді. Алдағы уақыттарды өтініш-арыз иелеріне жазбаша түрде жауаптар берілетін болды.