Аймақ басшысы желілік саябақты көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанда құрылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралап, елдегі төтенше жағдайға қатысты талаптар мен сақтық шараларының қатаң сақталуын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аймақ басшысы желілік саябақты көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағында болды. 11 гектар жерде орналасқан желілік саябақта аттракциондар, салт- дәстүрімізді дәріптейтін сәулет өнерінің туындылары орналасқан.
Өмірзақ Естайұлы Түркістанның брендіне айналатын негізгі жобалардың бірі – «Керуен жолы» құрылыс басында болды. Қаладағы Бекзат Саттарханов көшесінің бойында жайғасқан ауқымды саябақтың абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Онда жұмыс кестесіне сәйкес суғару, дренаждық жүйелерді жүргізу, су бұрқақтар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Ашық аспан астында орналасқан ауқымды бақта ашық бассейн, сусыз фонтан құрылысы қызу жүруде. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан бұл аумақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналары анық.
Ал, қаланың рухани – мәдени орталығында орналасқан ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысын аралады. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 9700 шаршы метрді құрайды. Бой көтеріп келе жатқан мәдени ошақ заманауи үлгіде, барлық талаптарға сай салынуда. 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады.
Өмірзақ Естайұлы құрылыс нысандарының басшыларына жұмысшылардың сақтық шараларын қатаң бақылауды, елдегі төтенше жағдайға орай бекітілген барлық талаптарды сақтауды тапсырды. Құрылыстың бәсеңдемеуін міндеттеді.
Қаладағы Қ.А.Ясауи мұражайының сыртқы беті қапталып, ішкі қабырғалары қаланып жатыр. Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ Ясауи кесенесінің айналасында жүріп жатқан ауқымды жұмыс барысын аралап көрді. Қасиетті кесененің айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары аясында ландшафтық дизайнға ерекше назар бөлінген. Болашақта бұл жер көне тамыры тереңде жатқан шаһардың көрінісі сақталған, сан алуан гүлге оранған жасыл баққа айналады.