Елімізде 35 мыңға жуық науқас Паркинсон диагнозымен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын олардың қатары 2,5 мың адамға артып отырады екен.
Шымкентте І Ортаазиялық Паркинсон ауруы және қозғалыстың бұзылулары бойынша халықаралық конференция өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«Паркинсон ауруы–үкім емес» ұранымен ашылған конференцияға Барселона, Ұлыбритания, Түркия, Грузия және басқа да алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы шақырылған сала майталмандары қатысты. Халықаралық жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев жүргізіп, аталған жиынның күн тәртібін түсіндіріп өтті.
Паркинсон аруы мен басқа да қозғалыс бұзылыстарының неврологиясы, нейрогенетикасы, нейрорадиологиясы, реабилитациясы, хирургиялық емі тақырыптарында ұйымдастырылған жиында шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сала мамандарының пікіріне жүгінсек, елімізде 35 мыңға жуық науқас Паркинсон диагнозымен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын олардың қатары 2,5 мың адамға артып отырады екен. Ал, бүгінгі күнде әлемде Паркинсон ауруына шалдыққан адамдардың саны 4 миллионға жуық. Паркинсон ауруының орта есеппен таралуы 100 мыңға шаққанда 150-200, алайда бұл көрсеткіш жасы 70-80-нен асқан адамдар арасында 300-ге дейін жетуі әбден мүмкін.
Сондықтан Паркинсон ауруы қазіргі таңда Альцгеймер ауруынан кейін әлемде ең кең тараған нейродегенерациялық ауру болып табылады.
Бүгінгі кеңесте әлем елдерінің ең мықты сала мамандары осы бір қауіпті дертпен күресудің әдіс-тәсілдері, ем-домдары туралы кеңінен әңгіме қозғады. Өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік медицина академиясыневрология кафедрасының меңгерушісі,Түркістан облысының Бас неврологы өңірдегі Паркинсон ауруы мен қозғалыстың бұзылыстары кезіндегі көмектің оптимизациясы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Ташкен мемелекеттік стоматология институты неврология және физиотерапия кафедрасының доценті Малика Раимова Раимова өзбек азаматтарының аталған ауру кезіндегі молекулалық-генетикалық зерттеудің нәтижелері туралы өз пайымын ортаса салды.
Нейродегенерация дегеніміз жүйке жасушаларының біртіндеп өз қызметін жоғалтып, түбінде өліп қалуы. Нейродегенерация адамды мүгедектікке алып келуі мүмкін. Паркинсон ауруына негізінде егде жасқа жеткен адамдар бейім болғанменен, соңғы жылдары бұл ауру 30 бен 60 жас аралығындағы жұмыс істейтін жас адамдар арасында жиілеп кетті.
Естеріңізге салар болсақ, Паркинсон ауруы және қозғалыстың бұзылулары бойынша халықаралық конференция 14-15 қыркүйек күндері Шымкенттегі «Айдана-Плаза» қонақ үйінде ұйымдастырылады. Онда неврология профессоры, Барселона университеті Биомедициналық зерттеулер институтының Паркинсон ауруын зерттеу Бағдарламасының директоры, Испания, Барселона университеттік клиникасының Паркинсон ауруы және қозғалыстың бұзылуларыбөлімшесінің аға кеңесшісі Eduardo Tolosa дәріс оқиды.