Балалар Шардара құтқару бекетіне жақын маңда болған.
иллюстрациялық фото
Өзенге құлап ағып кеткен жасөспірімді құтқарушылар аман алып қалды. Оқиға Түркістан облысы Шардара ауданында 30 шілде күні орын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2005 жылы туған бозбала достарымен Сырдария өзеніне балық аулауға барған. Қармақ салып қызығына кіріп кеткен жасөспірім аяғы тайып қас қағымда өзенге құлап кеткен. Қасында болған екі досы айқайлап көмекке шақырған.
Қуанышқа қарай, балалар Шардара құтқару бекетіне жақын маңда болған. Балалардың көмекке шақырған дауысын естіген бекеттегілер құтқаруға тұра ұмтылған. Сол күні кезекшілікте болған құтқарушылар С.Ханин және А.Хандиллаев жедел іс әрекет етіп, өзен суына ағып жанталасқан баланы құтқарып қалған.
Судан шығарып оқиға орнына келген аудандық полиция қызметкерлеріне құтқарып қалған 15 жастағы баланы тапсырған. Бұл жолы үш жасөспірім аман-сау қалды.
"Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасақтың Шардара құтқару бекетінің құтқарушылары ерекше қырағылықпен қызметтерін атқаруда. Түркістан облысының Шардара, Жетысай, Отырар аудандарында суда іздестіру-құтқару жұмыстарды жүргізіп келуде. Өкінішке орай, басым көпшілік жағдайда адамдардың өлі денесін судан шығарады. Ескертулер мен профилактикалық рейдтік іс-шараларға қарамастан, тұрғындар, оның ішінде жасөспірімдер судағы қарапайым ережелерін бұзып, артты қайғылы жағдайға алып келуде. Жасөспірімдер тыйым салынған жерлерде шомылып, балық аулап, ата-аналарының қадағалауынсыз қалып, бұндай жағдайдың арты неге алып келетінін ойламайды,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.