Кәсіпті кішкентай ғана дүңгіршектен бастаған.
Ордабасы ауданының тұрғыны Айымхан Рахиева тынымсыз еңбектің арқасында телегей табысқа жеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны Айымхан Рахиева жетістіктің кілтін іздеп жүрген қыз-келіншектерге мотивация береді. Тағдырдың талай тауқіметін көрген әжей 30 жылдай медицина саласында қызмет етіп, 1995 жылыбала санымен зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы мезгілсіз өмірден өтіп, 10 баланы жалғыз басымен аяққа тұрғызған.
«Қазір көп әйелдер екі-үш бала тауып ап, мемлекетті кінәлайды. Өзім кінәлімін дегенді естідіңіздер ме? Жоқ. Қазақстанда жағдайымыз жақсы десек те, неге олай?! Менің ойымша, бәрі адамның өзіне байланысты. Аяқ-қолымыз бүтін. Немен айналыссақ та өкімет бізге бар жағдайды жасап отыр. Ешкімге бағынбаймыз, істегіміз келетінді істейміз. Жетістікке жетудің кілті өзіміздің қолымызда. Жетістікке үлкен еңбекпен, қиындықпен келдім», - дейді Айымхан Рахиева.
Айымхан әже медицина саласында жұмыс істеп жүргенде де қол мәшіңкесімен көрпеше тігіп, тоқыма тоқыған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бірден кәсіпке бет бұрыпты. Ауылындағы «Сүт асханасында» он шақты жыл меңгеруші болып жұмыс істепті. Ауданның бүкіл балабақшасы мен ауруханасы сүт тағамдарын сол асханадан алатын болған.
«Ақылы және тегін сүт тарқатамыз. Тамызық ұнтағын Мәскеуден пенсилиннің шағын ғана шынысымен алдыртып, соны термостатқа қойып, тамызық жасайтынбыз. Түнгі сағат 2-3-те сүтті тонналап аламыз, таңға дейін оны қайнатамыз, суытамыз, қаймақ, сүзбе, т.б. істейміз. Таңғы 5-6-ға дейін бәрін бітіріп, тағы әкелген сүтті қабылдап алатынмын. Қайтсем бала-шағамды жеткізем деп ұйқымен дос болған жоқпын. Күніне 2-3-ақ сағат ұйықтайтынмын.Мен көп жиналыстарда «Айналайын, ұйқымен дос болмаңдаршы! Жоқ демеңдерші! Адамда кішкене төзімділік, өзіне сенімділік, табандылық болса, алдына мақсат қойса, кез келген проблеманы шеше алады. Проблема адамды жеңбеуі тиіс» деп айтып жүремін», - дейді бейнетінің зейнетін көріп отырған батыр ана.
Бойына ізгі қасиеттердің бәрі сңіген кәсіпкер кейіпкеріміз «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағын Ордабасы ауданынан алған жалғыз адам екен. Одан бөлек, Қазақстанның «Алтын кітабына» енген.
«Мен бизнесті алғашқы бастаған кезде кішкентай дүңгіршекті есіктің алдына әкеп қойдым. Нан, пісте т.б. майда-шүйде саттым. Одан еш намыстанбаймын. Өткенімді, қиындығымды еш ұмытпаймын. Тұрмысым өте төмен болды. Түнде кім ауырып жатса, соның үйіне барып укол салатынмын. Сондағы ойым, бала-шағама бес-он теңге тамақ болсын дейтінмін. «Буткадан» түскен табысымызды күнде кешкісін бала-шағамызбен санаймыз. Есептесек, күндік нанымыз сол жерден түседі екен. Сол азын-аулақ пайдамызға қуанамыз. Жылдар жылжып өте берді. Он баланы жеткізу үшін тырбанып тіршілік қылмасқа болмады. Ауылдағы бос жатқан егіндік жерлерді игеріп, мақта егуді ойладым. Ауылды аралап, үйме-үй есігін қақтым. «Айналайын, тікен басып, бос жатқанша мен алып істетейінші. Қазір көк тиыным жоқ. Шиеттей бала-шаға. Бірақ, өнімнен төлеуге уәде етейін» деп келістім. Осылайша 30 га суармалы жерді жалға алып, мақта ектім. Бірінші жылы болмай қалды. Мақтаның бағасы 5 теңгеге дейін құлдырап кетті. Екінші, үшінші жылы да жалдадым. Қайтпадым. Үшінші жыл дегенде мақтаны зауытқа өткізіп, ақшасын алдым да, үйме-үй қарызымнан құтылып шықтым. Қарыз ақша дегенді ұнатпаймын. Өзіме пайда қалған жоқ. Сөйтіп, одан кейінгі жылдарда да қорықпастан жалғай бердім. Мақта, бидай, қарбыз, қияр т.с.с әйтеуір әупірімдеп, тиынды-тиынға құрап алға жылжып отырдым», - дейді әжей.
Темірлан ауылының тұрғындары Айымхан Рахиеваны бір кездері «Көк москвич» немесе «Жылжымалы садик» деп те атаған екен. Себебі, ауылда әйел баласы көлік айдамаған кезде машина айдап, техникаларды өзі меңгеріп, бәрін түсінген. Ауылшаруашылығы техникаларының бәрін басқара алған.
«Ауылда әйел баласы көлік айдамаған кезде менің көк Москвичім болатын. Менің шын атымды ешкім білмейді десем де болады. Қазір «Көк москвичті» ұмытып, «Ай апа» деп айтатын болды. Сүт сатқан кезімде «Сүт апа» деп айтатын. Ол кезде ең кішкентай балам 2 жаста еді. Үлкенім мектепті енді ғана бітіп, әскер қатарына кетіп, келіп жатқан кезі. Кіші балаларымды Москвичке салып, қайда барсам да өзіммен алып жүретінмін.Күні бойы мақтада қасымда болады. Арасында еккен қауын-қарбызымызды көлікке артып алып, дүкендерге өткіземіз. Ондайда балалар Москвичтің ішіне сыймағандықтан, төбесіне шығып отырады. Үнемі балалар толып жүретіндіктен «Жылжымалы садик» деп атап кетті ғой», - дейді өткен шақты еске алған Ай апа.
Ай апа шағын дүңгіршектен кейн аукционнан жер сатып алып, «Ай» сауда орталығын, одан кейін «Ай» тойханасы мен «Ай» моншасын ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Одан бөлек, суармалы егістік, жылыжай шаруашылығы мен кішігірім шлакоблок цехын жүргізіп отыр. Қоғамдық жұмыстардан да қол үзбеген.