20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент өндіру туралы талаппен сотқа жүгінген.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
18 жасар студент 73 жастағы зейнеткер әкесінен алимент өндіру үшінсотқа жүгінді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны 18 жасар Т. өзі білім алатын колледждегі оқу ақысын, яғни әкесінен оқу мерзімі кезеңінде алимент өндіру туралы аудандық сотқа талап арыз берген. Нақтырақ айтсақ, талап қоюшы Т. жауапкер Ғ-дан колледжіндегі оқу мерзімі кезеңіне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент өндіру туралы талаппен сотқа жүгінген.
Сотта істі қарау барысында кәсіби медиатор араласып, екі тарапты, арызданушы ұл мен жауапкер әкені әңгімеге тартып, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бітімгерлікке келген. Медиациялық келісімге келген ұлы әкесінің алиментті төлеуін сотпен бекіту үшін өтініш берді. Зейнеткер қарт әке алимент үшін өзін сотқа берген перзентінің колледждегі оқуы үшін ай сайын 19 446 теңге төлеп тұратын боп міндеттелді.
"Тараптар дауды кәсіби медиатор Тлеубеков Сакен Тлеубековичтын қатысуымен шешіп, жасалған медиациялық келісімді сотпен бекіту туралы өтінішхат түсірді. Сот тараптарды тыңдап, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді зерделеп, тараптарға іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздері мен салдарын түсіндірді. Медиациялық келісім шарттары бойынша: 1. Жауапкер «Ғ» колледждегі оқу мерзімі кезеңіне 2020 жылғы шілде айынан бастап ай сайын жеті АЕК мөлшерінде 19 446 теңгеден оқуы мерзімі аяқталғанша, яғни 2021 жылғы 1 наурызға дейін алимент төлеп тұруға міндеттенеді", - деп мәлімдеді Түлкібас аудандық сотының баспасөз қызметі. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.