2003 жылғы жасөспірім жардан құлаған.
Түркістан облысы Төлеби ауданында адасып кеткен балаларды таудан түсіру бойынша құтқару операциясы жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2020 жылғы 15 маусымда Түркістан облысы Төле би ауданы Біркөлік ауылынан 5 шақырым жердегі «Бургулюк» демалыс аймағында құрамында 25 адамнан тұратын топ, оның ішінде үш ересек және 22 оқушы тау бөктерінде демалуға шыққан. 9 оқушы мен 1 тәрбиеші тобы күндіз тауға шығып, 6 оқушы мен 1 тәрбиеші таудан өз бетінше түседі. Ал 3 оқушы тауда адасып кеткен. Сағат 22:48-де таудан түскен тәрбиеші оқиға туралы «112» нөміріне ақпарат береді.
«Сағат 23:00-ден бастап Шымкент қалалық ТЖД Жедел-құтқару жасағының (6 қызметкер мен 1 бірлік техника), Түркістан облысының ТЖД (10 қызметкер мен 3 бірлік техника), жедел медициналық жәрдем бригадасы (5 жұмысшы мен 1 бірлік техника), полиция бөлімі (2 адам мен 1 бірлік техника) күштері іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде, барлығы 23 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды. 16 маусым сағат 00:58-де Шымкент қалалық ТЖД ЖҚЖ іздестіру тобы жардан құлаған 2003 жылғы жасөспірімнің денесін тауып, жерге түсірді және полицияға тапсырды», - делінген Түркістан облыстық ТЖД-ның мәліметінде.
Сонымен қатар, аталған ақпаратта 16 маусым күні сағат 11:00-де жағдай бойынша құтқарушылар тауда орналасқан 2 оқушыны тапқаны айтылған. Құтқарушылардың айтуы бойынша олармен ұялы байланыс бар. Енді төтеншеліктер альпинистік құрал-жабдықтарды қолдана отырып, балаларды түсіру және құтқару бойынша құтқару операциясын жүргізуде. Алайда, құтқару жұмыстарын жартас, биік таулы және тік беткейлі жерлер қиындатып жатыр екен. Құтқару операциясының қорытындысы туралы қосымша хабарланады.